Заң баршаға ортақ
Семей қаласы гарнизондық офицерлер үйінде отбасылық зорлық – зомбылықтың алдын алу мәселесі бойынша жиын өтті. Басқосуға «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерилері қолбасшысының орынбасары полковник Дархан Ажибаев, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскери қызметкерлерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің жетекшісі Ақмарал Ахметжанова, сондай-ақ әскери бөлімдер мен мектеп психологтары, учаскелік полиция инспекторы және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы мен әскери қызметшілердің отбасылары қатысты.
Алғаш болып сөз алған «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерилері қолбасшысының орынбасары Дархан Ажибаев тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу өзекті мәселеге айналғанын және оның қоғамға кері әсерімен бөлісті. Сондай-ақ, ол «Шығыс» өңірлік қолбасшылығымен бірлесе жұмыс жасаған бірқатар азаматтарды марапаттады.
Келесіде сөз алған Әуезов полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Жанарбек Мандиев, осындай басқосулар әскери қызметшілер мен олардың отбасыларымен жиі өткізіліп тұратынын атап өтті.
Кездесуде балалардың құқығын қорғау, зорлық – зомбылыққа, қатігездікке жол бермеу, кәмелетке толмағандардың және олардың қоғамға жат әрекеттердің, діни радикализмге және деструктивті ағымдарға тарту, буллинг, әлеуметтік желілерде заңды бұзуды көздейтін басқа да әрекеттердің алдын алу шаралары талқыланды. Кездесу соңында әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі