Cемей-9°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.55 524.28 4.75

Тамара Дүйсенова: балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету ұдайы бақылауда болуы керек

19-12-2023, 11:43 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте білім беру нысандарының айналасындағы жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Кеңеске ішкі істер, оқу-ағарту, мәдениет және ақпарат вице-министрлері қатысты.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың сөзіне қарағанда, жыл басынан бері елде кәмелет жасына толмағандардың қатысуымен 3,4 мыңнан астам жол көлік оқиғасы болған. 

Ішкі істер органдары мүдделі мекемелермен бірлесе білім беру нысандары маңдарының жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін тексерген. Аталған іс-шара бойынша 21 мыңдай нысан қамтылды. Олардың ішінде мектептер, балабақшалар мен қосымша білім беру ұйымдары бар. Бұл бағытта оң өзгерістер бар екенін айта кеткен жөн. Жыл басынан бері білім беру нысандарының маңында 1400-ден аса жаяу жүргіншілер жолағы, 2,5 мыңнан астам жасанды кедергілер, 5000-нан аса жол белгілері орнатылды.

Бұл ретте, бірқатар нысандарда қауіпсіздік шараларына байланысты заң бұзушылықтар анықталған. Кей жерлерде жаяу жүргіншілер жолағы, жасанды кедергілер жетіспесе, өзгесінде жарықтандыруға қатысты мәселелелер кездеседі. 

«Жүргізілген тексерулер нәтижесінде жол және коммуналдық мекемелерге кемшіліктерді жою жөнінде 3 мыңнан астам нұсқамалар берілді. Аталған мекемелердің 140-қа жуық лауазымды қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жүргізілген тексеру шараларынан кейін 211 жаяу жүргіншілерге арналған 211 жолағы жасалып, 518 жол белгілері орнатылды», — деді ішкі істер министрінің орынбасары.

Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге білім беру мекемелері маңын қауіпсіз жол инфрақұрылымымен қамту жөнінде жұмыс жоспарын әзірледі. Вице-министр Еділ Оспанның мәліметінше, құжат шеңберінде мектеп оқушыларына жол ережесін түсіндіру, қауіпсіз бағыттар түзу, ақпараттық акциялар өткізу және тағы да бірқатар шаралар қарастырылған.

«Бұл мәселе балаларымыздың денсаулығы мен өміріне байланысты. Сондықтан барлық мүдделі мемлекеттік органдар оны тұрақты бақылауында ұстауы керек. Өңірлер әкімдіктері құрылыс маусымы басталғанда жол салу жұмыстарын бастау үшін қажетті қаржы ресурстарын қазірден қамтамасыз етуі керек. Жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша жұмыстарды күшейткен жөн. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары білім беру нысандарында, әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында белсенді түрде жүргізілуі керек», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив