А.Балаева: Президенттің басшылығымен жүргізіліп жатқан барлық реформалардың түпкі мақсаты – рухани саясат
«Астана Опера» театрында «Umai – 2023» ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті».
Кәсіби шығармашылық ұжымдар мен жекелеген өнер қайраткерлерін елеулі шығармашылық жетістіктері үшін қолдауға бағытталған байқау биыл екінші рет ұйымдастырылды. Конкурсты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырды.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Парламент Мәжілісінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, мәдениет майталмандары қатысты.
Аида Балаева өзінің құттықтау сөзінде «Umai – 2023» ұлттық өнер сыйлығы еліміз үшін ерекше маңызға ие деп атап өтті.
«Өнер руханиятты қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Атақты жазушы Мұхтар Әуезов бейнелеу өнерінсіз мағыналы болмыс жоқ екенін айтқаны белгілі. Өнер шын мәнінде ұлттың дамуына негіз болып саналады. Ал өнер адамы қоғамды тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.
Мемлекет басшысы ынта-жігері берік, елімізді ұлы дәрежеге көтере алатын ұрпақ қалыптастыруға ұмтылады. Біздің өнеріміз бен мәдениетіміз қоғамдық тұлғаны тәрбиелейді. Президентіміз үнемі осы қағиданы айтып келеді. Бұл біздің болашағымызға қажет рухани саясат. Мемлекет басшысының жүргізіп отырған барлық бастамалары мен реформаларының түпкі мақсаты - мемлекетіміз үшін ортақ іске елеулі үлес қосатындарға жан-жақты қолдау көрсету. Umai сыйлығы да осындай қолдаудың жарқын көрінісі», - деді министр.
Аида Балаева сыйлықтың негізінде үлкен еңбек, терең білім мен қайталанбас өнер жатқанын атап өтті.
«Мойындауымыз керек Президентіміз айтқандай жоғары адамгершілік, мәдени және білімді қоғам құру жөніндегі рухани миссия бәріне бірдей қол жетімді емес. Бірақ бұл құрметке ие болған әрбір адам мыңдаған және миллиондаған адамдарға үлгі бола алады, адамдардың жүрегіне жылу сыйлай алады. Бүгінгі байқаудың жеңімпаздары ғана емес, оның барша қатысушылары да осындай мәртебеге лайық екеніне сенімдімін. Бұл Мемлекет басшысы аянбай насихаттайтын қағида. Руханиятсыз елдің болашағын құру қиын», - деді министр.
«Umai» ұлттық сыйлығы отандық өнердің дамуына жаңа серпін беріп, Қазақстанға жаңа есімдер сыйлайтынына сенім білдірген Аида Балаева 29 жеңімпазға «Umai» мүсіншесі мен ақшалай сыйлықтың сертификатын табыс етті.
Ағымдағы жылы ұйымдастыру комитетіне қатысушылардан 322 өтінім келіп түссе, финалға 114 адам өтті. Олардың 29-ы сыйлықтың иегері атанды.
Байқауға еліміздің барлық өңіріндегі өнер қайраткерлері мен шығармашылық ұжымдар белсене қатысты.