Семейде Абай облысы әкімінің шыршасы өтті
Дәстүрлі мерекелік шараға жалпы саны 150 бүлдіршін қатысты. Оның ішінде үздік оқушылар, зияткерлік және спорттық олимпиадалардың жеңімпаздары, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар мен мүгедектігі бар балақайлар бар.
Балаларды құттықтаған Абай облысының білім басқармасы басшысы Нұржан Ахметқалиев біздің елімізде жас буынның алаңсыз өсуіне барлық жағдайдың жасалып жатқанын атап өтті.
Бүлдіршіндердің жаңажылдық кешінде оларға қойылған бір ғана талап болды. Жаңажылдық киім киіп, көтеріңкі көңілмен, ойнап-күліп қайту. Ол үшін ұйымдастырушылар барын салды. Жасыл шырша жанында көздің жауын алатын алуан түрлі кейіпкерлермен ойнаған балалардың жүздерінде бақытты балалық шақтың ыстық лебі сезілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Қош келдің, Жаңа жыл» шарасының мақсаты - әр баланың мемлекеттен көрсетілетін қамқорлығын айқындау, бүлдіршіндерге мерекелік көңіл күй сыйлау.
Айта кету керек, жаңа жылдық мерекелік шара ертең, 25 желтоқсанда облыстағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар 100 балаға арналған ертеңгілікпен жалғасады. Сонымен қатар, 29 желтоқсанда Астана қаласындағы «Астана Опера» театрында «Республика шеңберіндегі Жаңа жыл» Президенттік шыршасы өтеді, оған Абай облысынан 5 бүлдіршін қатыспақ.