ҚР Еңбекминінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы шараларды іске асыру мәселелері талқыланды
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің (бұдан әрі – Үйлестіру кеңесі) 2023 жылғы қорытынды отырысын өткізді. Іс-шараға ҚР Парламентінің депутаттары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің кеңесшілері қатысты. Отырыста Үйлестіру кеңесінің бағыттар бойынша жұмыс топтарының жұмыс қорытындылары шығарылып, 2024 жылға арналған жұмыс жоспарлары таныстырылды, сондай-ақ кеңесшілер институтын дамыту бойынша ұсыныстар талқыланды.
Светлана Жақыпова өз сөзінде осы жылдың қыркүйегінде өткен Үйлестіру кеңесінің алдыңғы отырысында айтылған міндеттерді іске асыру жөніндегі ағымдағы жағдай туралы хабардар етті.
Мәселен, 15 желтоқсаннан бастап 4 өңірде: Абай, Павлодар, Қызылорда облыстарында және Шымкент қаласында оңалтудың техникалық құралдары парктерін (бұдан әрі – ОТҚ) құру бойынша пилоттық жоба іске қосылды, онда бірінші кезеңде тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар қатысады.
«Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта мүгедектік тобын белгілегенде оңалтудың техникалық құралдарын мүгедектігі бар адамдар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы дербес таңдайды. Бұл ретте мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері ОТҚ таңдау кезінде жиі қиындықтарға тап болады. Сондықтан біз алдағы уақытта ОТҚ таңдау процесін жеке таңдау арқылы жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл пилот осы мәселені сынақтан өткізуге және шешуге бағытталған.
Аталған өңірлерде «Қазақстан халқына»қоғамдық қорымен бірлесіп «Үйде оңалту» жобасы іске асырылатын болады. Қормен тиісті меморандумға 15 желтоқсанда қол қойылды. Жобаның негізгі мақсаты – үздіксіз оңалту және инновациялық ОТҚ-ны жеке таңдау арқылы тірек-қимыл аппараты бұзылған балалардың өмір сүру сапасын жақсарту», – деді Светлана Жақыпова.
Министр сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін қайта ретке келтіру мақсатында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының бюджеттерін республикалық деңгейге шоғырландыру және олардың қызметін лицензиялау мәселесі бойынша заңнамалық түзетулер пысықталып жатқанын хабарлады.
«Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарындағы орталықтардың қызметін цифрландыру бойынша пилот басталды, тиісті бағдарламалық өнім әзірленді», – деп толықтырды ЕХӘҚМ басшысы.
Сонымен қатар, әлеуметтік қызметкерлер бойынша жаңа кәсіптік стандарттар әзірленді.
Сондай-ақ, Светлана Жақыпова инновациялық дамудың жаңа серпінін қамтамасыз ету және елді әлеуметтік қорғау саласының ғылыми, кадрлық әлеуетін арттыру үшін Әлеуметтік саланы дамытудың ұлттық ғылыми орталығы құрылғанын атап өтті.
Отырыс барысында орталық мемлекеттік органдардың өкілдері Үйлестіру кеңесінің 2023 жылға арналған жұмыс жоспарын іске асыру шеңберінде атқарылған жұмыстар туралы хабардар етті және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту, медициналық көмек пен оңалтудың қолжетімділігін, инклюзивті білім беруді, қолжетімді ортаны құруды, цифрлық инклюзияны, туризм мен спортты қамтамасыз ету, тұрғын үймен қамтамасыз ету, мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерін қолдау, жоғары оқу орындарына қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша 2024 жылға арналған жұмыс жоспарларының жобаларын таныстырды.
Сондай-ақ кеңесшілер институтының даму стратегиясын әзірлеу бойынша ұсыныстар талқыланды.
Естеріңізге сала кетейік, Үйлестіру кеңесі – бұл қызметі мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік қорғау, құқықтарын іске асыру және өмір сүру сапасын жақсарту саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеуге бағытталған консультативтік-кеңесші орган.