Бизнесті жүргізу мәселелері жөніндегі түзетулердің тоғызыншы пакеті қабылданды
27 желтоқсанда екінші оқылымда кәсіпкерлік қызметті одан әрі жетілдіруге бағытталған және бизнес-қоғамдастық үшін маңызды заңнамалық бастамалардың бірі болып саналатын бизнесті жүргізу мәселелері жөніндегі түзетулердің тоғызыншы пакеті қабылданды. Заң жобасы ҚР Парламенті Сенатына жолданды.
Бұл жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында бизнес саласында жаңа реттеуші саясатты енгізу бойынша Ұлттық палатаның ҚР Ұлттық экономика министрлігімен бірлескен белсенді және кең ауқымды жұмысының жалғасы.
Осы реформа шеңберінде мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін модернизациялауға ерекше назар аударылады.
Жаңа реттеуші саясаттың негізгі тәсілдері 2021 жылғы 30 желтоқсандағы Заңмен қабылданды. Олардың басым бөлігі мемлекеттік реттеудің нақты салалары бойынша заңдарға өзгерістер қабылданған кезде іске асырылуы тиіс.
Мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін жетілдіру жөніндегі түзетулер мынадай шараларға қатысты:
- бақылауды жүзеге асыру кезінде жекелеген мемлекеттік органдардың жедел әрекет етуін қадағалау шараларын қолдану тәртібін айқындау;
- жалпыға бірдей белгіленген тәртіптен тыс бақылау іс-шараларын жүргізу тәртібін белгілеу (бақылаудың жекелеген түрлері үшін ерекшеліктер);
- осындай жағдайлардың шынайы кінәлілерін анықтау үшін қолайсыз жағдай туындаған кезде ҚР заңдарына тергеуді жүзеге асыру тәртібі бойынша түзетулер қабылдау.
Бірлескен жұмыс барысында 2021-2022 жылдары бизнестің белсенді қатысуымен жаңа реттеуші саясаттың базалық шарттарына сәйкестігі тұрғысынан бизнеске қатысты барлық реттеуші бағыт қайта қаралды.
44 саладағы 2 823 нормативтік-құқықтық акітге тексеру жүргізу нәтижесінде 128 117 талап анықталды. Соның ішінде 10 102 немесе талаптардың 8 пайызы жаңа реттеуші саясаттың базалық шарттарына сәйкес келмейді.
Тексеру қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп 44 сала бөлінісінде салалық заңнамалық актілерге Түзетулердің бірыңғай пулын қалыптастырды.
Түзетулердің бірыңғай пулы 51 заңнамалық актіге (кодекстер, заңдар) 386 түзету енгізуді көздейді. Атап айтқанда:
- жаңа реттеуші саясаттың базалық қағидаттарына сәйкес келмейтін өзекті емес, ескірген және артық талаптарды алып тастау;
- рұқсат беру рәсімдерін оңайлату;
- ҰКП трансформациялау мәселелері;
- бизнес орта үшін заңнаманы жетілдіру мәселелеріне кәсіпкерлерді барынша тарту.
Сонымен қатар, бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп салалық мәселелер бойынша ұсыныстар дайындалды.
Анықтама:
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы.