Орман резерватына жаңа өрт сөндіру көліктері келді
«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының автопаркі жаңа өртке қарсы техникамен жаңартылды. Арнайы сапармен автокөліктердің кілттерін тапсыру үшін табиғат қорғау мекемесіне Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар Министрі Ерлан Нысанбаев келді.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың маусым айында «Семей орманы» МОТР» РММ аумағында қайғылы салдары бар ірі орман өрті болған. Мемлекет басшысының 11 маусымда жедел штаб отырысы барысында берілген тапсырмаларын орындау үшін ағымдағы жылы Қазақстан Республикасының Үкіметіне республикалық бюджеттен азаматтық қорғау саласындағы 2023-2027 жылдарға арналған бірінші кезектегі шаралардың бекітілген Кешенді жоспары шеңберінде орман шаруашылығын материалдық-техникалық қамтамасыз етуге қаржы бөлінді.
Кешенді жоспар шеңберінде 68,6 млрд. теңге сомасына шығыстар көзделген. Осы сомаға:
· 1082 бірлік арнайы көлік құралдарын сатып алу (өрт сөндіру машиналары, тракторлар, патрульдік машиналар);
· Өртке қарсы және орманды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге арналған 948 тіркеме және қосымша жабдық сатып алу (дискілі тырмалар, соқалар, тіркемелер, цистерналар және т.б.);
· Орман өрттерін ерте анықтау жүйесін орнату (жыл сайын ЕҚТА екі мекемесінде орнату) жоспарлануда.
2023 жылы орман резерваты тауарлар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алу арқылы қосымша 10 Камаз-43118 АЦ 5,0-40 өрт сөндіру автокөлігін, 1 МТЗ1221 тракторын, 1 бірлік «Газель» шағын автобусын сатып алды. Сондай-ақ, «Ақ Ертіс» қоғамдық қоры Газ-33086 өрт сөндіру автокөлігінің 4 бірлігін тегін жеткізді.
Бұл техника қазірдің өзінде орман мекемесінің орталық үйінде орналасқан.
Бұған дейін орман резерватына орман өрттерін жедел анықтау және жою үшін 14 шағын өрт сөндіру кешені (ШОПК), 1 УАЗ-236234 патрульдік көлігі (ШОПК) жеткізілген.
Анықтама: еліміздің мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 30,9 млн га құрайды және республика аумағының 11,3%-ын алып жатыр. Тәуелсіздік жылдары орман қорының ауданы 6,4 млн гектарға (25%) ұлғайды.