Үкіметте ірі инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды
Үкіметте ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Инвестициялар тарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.
Бұл Мемлекет басшысының «Ел экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы қабылданғаннан кейін Кеңестің жаңа форматта өткен бесінші отырысы.
Отырыс барысында ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау салаларына инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты жүйелендіру мәселелері, сондай-ақ нақты инвестициялық жобаларды іске асырудың проблемалық мәселелері қаралды.
Отырыс қорытындысы бойынша Роман Скляр мемлекеттік органдар мен ұйымдарға инвесторлардың проблемалық мәселелерін қысқа мерзімде шешу жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Роман Скляр атап өткендей, бұл үшін қажетті құралдар мен өкілеттіктердің барлығы бар.
Жалпы 2023 жылы Кеңестің 15 отырысы өтті. Жалпыұлттық пул аясында инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері, елдің инвестициялық ахуалын жақсарту жөніндегі шаралар қаралып, жүйелі проблемалық мәселелерді шешу жолдары (инфрақұрылым жүргізу, инвестициялық субсидиялар, шикізатты жеткізу, шенеуніктердің немқұрайлылығы, мүдделер қақтығысы, әкімшілік кедергілер) әзірленді.
Жыл бойы шетелдік және отандық компаниялардың бірқатар нақты проблемалық мәселесі шешілді.
Инвесторлардың проблемалық мәселелерін жедел шешу және жүйелік кедергілерді жою бойынша белсенді жұмыс жалғасатын болады.