Қазақстан мен Өзбекстан өзара ынтымақтастықты кеңейту туралы хаттамаға қол қойды
Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Өзбекстанның Инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрі Лазиз Кудратовпен Ташкентте кездесіп, келіссөздер жүргізді.
Тараптар Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы желтоқсандағы Өзбекстан Республикасына сапарының қорытындысы бойынша қол қойылған Жол карталары шеңберіндегі, оның ішінде екі ел арасындағы тауар айналымын 10 млрд. долларға дейін арттыру жөніндегі уағдаластықтарды іске асыру кезеңдерін талқылады.
Келіссөздер барысында Самарқандта Қазақстан мен Өзбекстанның өңіраралық ынтымақтастығының IV Форумын өткізуге ерекше назар аударылды. Кездесу қорытындысы бойынша өзара ынтымақтастықты кеңейту туралы хаттамаға қол қойылды.
Ташкентке сапары барысында Арман Шакқалиев«Технопарк» ЖШҚ өндірістік алаңдарын аралады. Мұнда ұсынылған өнеркәсіптік кәсіпорындар ішкі және сыртқы нарықтарға жеткізу үшін жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға бағытталған.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 20-шы отырысы аясында 2023 жылғы мамырда Министрлік Ташкентте қазақстандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілердің сауда миссиясын ұйымдастырды. Сауда миссиясының қорытындысы бойынша Өзбекстанға 44,1 млн. доллардан астам сомаға құрылыс материалдарын, кондитерлік өнімдерді, IT қызметтерді, сүт өнімдерін жеткізуге экспорттық келісімшарттарға қол қойылды.
2023 жылғы желтоқсанда Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасында «Орталық Азия – ХӨКО» индустриялық аймағы құрылды, бұл Өзбекстан нарығына отандық өнімнің экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Орталықты құру және оған инфрақұрылым жүргізу бойынша жұмыстар атқарылуда.
Өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 4,1 млрд. долларды құрады.