Cемей-5°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
494.87 520.65 4.91

ҚР Көлік министрлігі жүктерді шетелге тасымалдау үшін рұқсат қағазын берудің жаңа тетігін енгізбек

12-01-2024, 12:17 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін Алматыда ҚР Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті қазақстандық көлік және тасымалдау саласындағы компания өкілдерінің қатысуымен өткен кеңейтілген кеңес барысында халықаралық автомобиль жүк тасымалдарын жүзеге асыру кезінде тасымалдаушыларға шет мемлекеттерге кіруге мүмкіндік беретін Шетелдік рұқсат бланкілерін тарату жүйесін реформалау жобасын ұсынды.

Негізгі өзгерістер көлеңкелі нарықта бланкілердің жасанды тапшылығын туғызу мен оларды заңсыз қайта сату жағдайларын болдырмауға бағытталған. 

ҚАТТК төрағасы Алтай Әлі кездесу барысында жүк тасымалдаушыларға, сарапшыларға, қоғам қайраткерлері мен журналистерге аталмыш саланың түйткілді мәселелерін шешуге ықпал ететін жоспарланған шаралар жайында айтып берді.

«Бланкілерді таратудың қолданыстағы жүйесі бойынша құжаттардың 50%-ы алдыңғы жылдары жұмыс істеген тасымалдаушылардың артына бекітіледі. Тасымалдау тарихы оларға алдағы уақытта бланкілерді алуға кепілдік береді. Ал қалған жартысы резервтік санатқа өтеді. Бұл жағдайда бланкілерді барлық басқа тасымалдаушылар ала алады. Біз бұл тәсілді мүлдем дұрыс емес деп санаймыз, жеке тасымалдаушыларға кепілдік бермеуіміз керек», - деді А.Әлі.

Спикер атап өткендей, тасымалдаушылардың бланкілерге қол жеткізу мүмкіндіктері тең, әділ және еркін бәсекелестікті шектемейтіндей болуы тиіс.

Сондай-ақ комитет төрағасы қазір бланкілер фирманың атауы да, машинаның нөмірі де көрсетілмейтін бос парақ екенін еске салды. Бұл ретте оны пайдалануға 100 күн беріледі. Алайда бұл бланкілерді тарату жүйесінде жасанды тапшылықтың пайда болуына жағдай жасайды.

«Біз жүктерді тасымалдау фактісі бойынша ШРБ беру тетігін енгізуді ұсынамыз. Онда тасымалдау тарихы есепке алынбайды, кез келген және тек қазақстандық тасымалдаушылар нақты жүк болған жағдайда бланкілерді ала алады. Қайта сату үшін алғышарттарды толығымен алып тастаймыз, соның ішінде көліктік бақылау инспекцияларын бланкілерді тарату процестерінен шығарамыз. Онда адами фактор болмайды. Бланкілерде компаниялардың атаулары мен машиналардың нөмірлері көрсетіледі, ал бланкілердің түпнұсқалары шет мемлекеттен оралғаннан кейін тапсырылады. Бұл ШРБ-ні пайдаланудың ашықтығы мен бақылауды қамтамасыз етеді», - деді Көлік министрлігінің өкілі.

Жалпы, тасымалдау бизнесі мен көлік қауымдастықтарының өкілдері жоспарланған өзгерістерді құптап, мемлекеттік органдарға өтініштерін ескергендері үшін алғыс білдірді. Алайда, бірқатар тасымалдаушылар Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің кейбір ұсыныстарының мәнін түсінбей, жыл басында бланкілерді ала алмай, кейін бланкілерді тарату жүйесінде маусымның соңғы айында, әсіресе Еуроодақ шекарасындағы шиеленісті жағдайда игеруге болмайтын көптеген пайдаланылмаған ШРБ-нің пайда болу мәселенін қайта көтерді.

«Неліктен бізде жылдың соңында пайдаланылмаған бланкілер пайда болады? Осы сауал бізді де қатты алаңдатады. Бұл қолданыстағы бланкілерді тарату жүйесіндегі қателіктерге байланысты. Біз қазір бланкілерді пайдалануға 100 күн береміз. Бланкілері бекітілген тасымалдаушы өзінің үлгермейтінін түсінгенде, оларды жүйеге қайтара бастайды. Біз бұл жүйеден кеткіміз келеді. Сондықтан көлік құралдарының тасымалдау тарихы мен қызметіне шектеулерді алып тастауды көздейтін өзгерістерді ұсынып отырымыз.  Алдын ала тарату болмайды. Нақты уақытта: бланк алды – кетті. Бұл теңдей бөлуге мүмкіндік береді. Оны өздеріңіз де байқайсыздар», - деп түсіндірді Алтай Әлі.

Сондай-ақ, төраға кеңес барысында отандық жүк тасымалы нарығындағы бүгінгі жағдайды сипаттады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда халықаралық тасымалдарға 20 750 автокөлік паркі бар 1883 тасымалдаушы жұмылдырылған. ШРБ-ны айырбастау 42 мемлекетпен жүзеге асырылады. Елдегі халықаралық жүк тасымалдарының жалпы көлеміндегі қазақстандық тасымалдаушылардың үлесі 45%-ды құрайды. 

«Қолданыстағы әдістемемен 2022 жылы бізде бланкілердің тек 45% - ы ғана пайдаланылды, қалғаны – 55%. 2023 жылы 270 мың бланктің 58%-ы пайдаланылды. Өткен жылы ҚХР бағытында С санатындағы бланкілер 113 мыңға дейін ұлғайды. Құжаттарды біз шекарада бере бастадық. Қытаймен алмасу шамамен 50 мың ШРБ болды. Алайда бұл көлеңкелі нарықта қайта сатылуына жағдай жасап, 1 АЕК мөлшеріндегі нақты бағасын 3 мың долларға дейін жеткезген тұрақты тапшылыққа алып келді», – деді А. Әлі.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив