Жемқорлықты жою - ортақ мақсат
Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық. Сыбайлас жемқорлықпен күресу - бүгінгі таңда күн тәртібінен түспей тұрған күрделі мәселелердің бірі. Әлемнің көптеген елдері секілді біздің мемлекетіміз де сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, оның тамырына балта шабуға бағытталған мақсатты жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Жасыратыны жоқ, сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін түрі - парақорлық. Бірінші кезекте пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын түп-тамырын жою үшін қоғам болып бірігіп, белсенділік танытуымыз қажет.Яғни, пара беру де, пара алуда үлкен қылмыс ретінде саналатындай қоғамдық сана қалыптасуы қажет. Парақорлық мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет болып, билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіретіні сөзсіз. Заңдылық қағидаларын жоққа шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қысымшылық жасайды. Ата-бабаларымыздың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз. Олардың «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген сөздері бекер айтылмаған. Бұқара көпшілік тарапынан сыбайлас жемқорлық көріністеріне қолдан келгенше тосқауыл қойылып, қолында билігі бар азаматтар осы жолда өзгелерге үлгі болуы тиіс. Ол үшін ең бастысы, мемлекеттік қызметшілер бойында отансүйгіштік қасиеттері қалыптасқан, туған жері мен елі үшін қалтқысыз қызмет ететін жоғары парасатты тұлға болуы шарт. Сонда ғана, біздің Отанымыз - Қазақстан Республикасы экономикасы мықты, халқы бай, бақуатты, азаматтарының тұрмысы жоғары елге айналады. Сондықтан да, алға қойылған мақсат-міндеттерді мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам бірлесіп атқаруы қажет. Бірлік - түбі береке екендігін естен шығармай, бірлесіп қамал алатын кезең келіп жетті.
Қарауыл ауылдық округінің әкімі Өмірбек Бекбаев