Жастарға арналған бағдарлама жемісті жүзеге асуда
Жарма ауданында жастарға арналған бағдарламалар жүйелі жүзеге асырылып жатыр. Жастарды әлеуметтік қолдаумен толық қамту мақсатында атқарушы органдар тарапынан ерекше назар аударуды қажет ететін басым бағыттар сарапталып, айқындалып, тиісті шаралар қабылданып жатыр.
Ауданға жас мамандарды тартуға ерекше көңіл бөлініп отыр. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында бүгінде 12 маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді, 20 маманға аудандық бюджеттен көтерме жәрдемақы төленді. Бұл жұмыс жыл соңына дейін жалғасады.
Өткен жылы Жарма ауданында 11 адам жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін 400 АЕК көлемінде мемлекеттік грантқа ие болды. Бұл ретте грант иегерлері ірі және ұсақ мал басын өсіру, тігін тігу, көлік жуу сияқты бағыттар бойынша жұмысқа кірісуге мүмкіндік алды.
Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында берілетін жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға бағытталған мемлекеттік гранттар кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың тиімділігін көрсетеді.
Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі