Павлодар облысында азаматтардың 25 млн теңгесін жымқырған алаяқтардың қылмыстық тобы ұсталды
Қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы Ақсу қаласының тұрғындарының, оның ішінде Ақсу ферроқорытпа зауытының қызметкерлерінің түрлі көмек көрсету сылтауымен сеніміне кіріп, үлкен көлемдегі қаражатты иемденген. Қылмыстық топтың құрамында Ақсудың екі тұрғыны болды.
Ұстау шараларын Павлодар облысы прокуратурасының үйлестіруімен облыстық полиция ведомствосының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлері жүргізді.
– Ұсталған азаматтар алаяқтықтың 6 фактісіне қатысы бар деген күдікті ілініп отыр. Шығын көлемі 25 млн теңгеден асады. Сондай-ақ күдіктілердің Павлодар облысының аумағында болған басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріледі. Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер Ақсу қалалық ПБ УҰИ-ға қамауға алынды, – деді облыстық ПД ҰҚҚКБ бастығының міндетін атқарушы Диас Қадыров.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына, Қазақстан Республикасы қылмыстық-процессуалдық кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес адам өзінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен танылғанға дейін қылмыс жасағаны үшін кінәсіз деп есептеледі.