МҚІА төрағасы жас мемлекеттік қызметшілермен кездесті
МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай жас мемлекеттік қызметшілермен кездесті. Кездесуге ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік қызметке алғаш рет кірген мемлекеттік қызметшілер үшін өткізіліп жатқан біліктілікті арттыру курстарының тыңдаушылары, сондай-ақ Астана қаласының Жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің өкілдері қатысты.
Агенттік басшысы бүгінде мемлекеттік аппаратта креативті, еңбекқор және патриот жастарға сұраныс жоғары екенін атап өтті.
Кездесу барысында мемлекеттік қызметтің рөлі мен маңызы, ондағы негізгі ұстанымдар, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің «Адал азамат» ретіндегі тұлғалық болмысына, моральдық-әдептік келбетіне қойылатын талаптар жайлы сөз қозғалды. Елімізде болып жатқан өзгерістерді жүзеге асырудағы жастардың маңызды рөлі туралы айтылды.
Сондай-ақ Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметті дамыту шараларына тоқталып, олардың жастарға жаңаша мүмкіндіктер тудыратынын жеткізді. Жастарды ел игілігі жолында адал еңбек етуге шақырды.
Кездесуге қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасуда белсенділік танытты.