Сенаторлар шикізатты қайта өңдеу мәселелерін талқылады
Парламент Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясының қызметімен танысты. Сенаторлар сондай-ақ компания басшылығымен және қызметкерлерімен өзекті мәселелерді де талқылады.
Депутаттар құрамында бағалы металдар бар шикізатты қайта өңдеуді және аффинаждауды жүзеге асыратын «Тау-Кен Алтын» ЖШС зауытының базасында өнеркәсіп және құрылыс министрлігі басшылығының қатысуымен комитеттің көшпелі отырысын өткізді.
Отырыс барысында саланың негізгі проблемалық мәселелері, оның ішінде қорларды растау жөніндегі жобалардағы қауіптер, шетелдік инвесторларға саланың тартымсыздығы, барлаумен салыстырғанда жер қойнауынан өндіруді дамытудың басымдығы, мемлекеттік қаржыландырудың жеткіліксіздігі және басқа да тақырыптар талқыланды. Сонымен қатар, аталған проблемаларды шешу жолдары туралы да айтылды.
Сенаторлар кездесуді қорытындылай келіп, көтерілген барлық мәселелер мен ұсыныстар парламентшілердің жұмысында ескерілетінін атап өтті.
Кездесу Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру барысында «Қазақстан Республикасында геологиялық барлау жұмыстарын дамытудың өзекті мәселелері» тақырыбы бойынша өтетін дөңгелек үстелге дайындық аясында болды.