Сенаторлар ұлттық төлем жүйесін енгізу барысын талқылады
Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде болды. Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында Ұлттық төлем жүйесін енгізу мәселелері талқыланды.
Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов жүздесу кезінде тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстанның төлем жүйесі қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Алайда, депутат атап өткендей, осы саланың қауіпсіздігіне қатысты қатерлер де ұлғайып барады.
«Сайлаушылармен жүздесу барысында, ірі қалаларда да, шалғай аудандардың тұрғындарымен де кездесулер барысында бізге интернеттегі алаяқтыққа, кейбір қаржылық операциялардың ашықтығына, қаржы жүйеміздің халықаралық төлем жүйелеріне тәуелділігіне, транзакциялар құнының жоғарылығына, сондай-ақ интернет болмаған кезде онлайн-банкингті пайдалану проблемасына қатысты сұрақтар жиі қойылады. Сондықтан, құрметті әріптестер, аталып өткен проблемалық мәселелерді шешуді ұсынатын ұлттық төлем жүйесін әзірлеу және енгізу жөніндегі істің жай-күйімен танысуды жөн деп таптық», - деп атап өтті сенатор.
Ұлттық Банк пен «ҚР ҰБ Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ өкілдері өз кезегінде атқарылған жұмыстар мен болашаққа арналған жоспарлар, сондай-ақ заңнамалық бастамалар туралы сенаторларға айтып берді.