Елімізде ҚР-дың көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі Стратегиясын іске асыру бойынша Жол картасы әзірленуде
Ұлттық экономика министрлігінде төмен көміртекті дамыту мәселелері талқыланды. Іс-шараға ҰЭМ басшысы Әлібек Қуантыров, ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Зүлфия Сүлейменова, сонымен қатар салалық министрліктердің, ұлттық компаниялардың, халықаралық ұйымдардың, «Қазақстанның Шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының, төмен көміртекті дамыту саласындағы ғылыми және зерттеу ұйымдарының өкілдері қатысты.
Ә.Қуантыров өз сөзінде Жол картасы энергияға көшудің және 2060 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларының нөлдік деңгейіне жетудің негізгі құралына айналуы тиіс екенін атап өтті. Қазіргі уақытта 200-ден астам сарапшының қатысуымен жұмыс тобы құрылды.
Министрдің айтуынша, декарбонизация экономиканың барлық салаларына, әсіресе энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және қалдықтарды басқаруға әсер етеді. Жол картасын әзірлеу кезінде энергетикалық табиғи ресурстардың бәсекелестік артықшылықтарын тиімді пайдалану мен ерекшеліктерін ескере отырып, Қазақстан үшін энергияға көшудің бірегей моделін құру қажет.
ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Зүлфия Сүлейменова төмен көміртекті даму бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстың өзектілігі мен уақтылылығына тоқталды. Сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдары тарапынан климаттық және транзиттік қаржыландыру құралдарының қолжетімділігінің маңыздылығын айтты.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Төмен көміртекті даму департаментінің директоры Әлия Шалабекова төмен көміртекті дамыту бағдарламасын әзірлеу және жобаларды іске асыру жөніндегі жоспарларымен бөлісті.
«Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының директоры Жанна Байдашева атап өткендей, дайындалып жатқан Жол картасы аясында шетелдік инвесторлармен жұмыс жүргізіліп жатыр.
Бүгінде Дүниежүзілік банк, ЕҚДБ (Еуропа қайта құру және даму банкі), БҰҰДБ (Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы), АДБ (Азия даму банкі) және GIZ өкілдері Жол картасын әзірлеуге белсенді қатысуда.
Кеңес қорытындысы бойынша Жол картасын әзірлеу үшін жұмыс топтарында тұрақты түрде талқылаулар өткізу туралы шешім қабылданды.