Генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды
Мемлекет басшысының Өкімімен Жазықбаев Шайх-Хасан Саттарқұлұлы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды.
Осыған дейін ол Қарулы күштер Бас штабы бастығының орынбасары болған. Жаңа лауазымда Шайх-Хасан Жазықбаев әскерлерде тәрбие және идеологиялық жұмыспен айналысатын болады.
Шайх-Хасан Жазықбаев 1976 жылы 20 қыркүйекте Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Қылышбай (бұрынғы Карл Маркс) ауылында дүниеге келген.
1999 жылы Пенза жоғары артиллериялық инженерлік училищесін үздік бітірді. 2013 жылы Ұлттық қорғаныс университетін, 2019 жылы Ресей Федерациясы Қарулы күштері Бас штабының әскери академиясын тәмамдады.
Генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев әскери училище курсантынан бастап Қарулы күштер Бас штабы бастығының орынбасарына дейінгі лауазымдық жолдан өтті. Әр жылдары ол жауынгерлік және бітімгерлік дайындық бойынша жауапты қызметтер де атқарды. Бірнеше әскери бөлімдердің командирі, штаб бастығы – «Батыс» ӨңҚ әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары, «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы болды.
Ирак Республикасында инженерлік-саперлік жасақ құрамындағы бітімгерлік операцияға қатысқан.
II дәрежелі «Даңқ» және «Айбын» ордендерімен, ведомстволық наградалармен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Отбасылы, 3 бала тәрбиелеп өсіріп отыр.