Тамара Дүйсенова Бердібек Сапарбаевқа арналған ғылыми-практикалық конференцияға қатысты
Астанада белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевқа арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова қатысты.
«Бердібек Сапарбаев: Дағдарыс менеджері феномені» ғылыми-практикалық конференциясы бір алаңда танымал саясаткерлер, депутаттар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдерінің басын қосты. Конференцияға қатысушыларға жолдаған Мемлекет басшысының хатын ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов оқып берді.
Шара аясында жазушы Құлбек Ергөбектің «Ерен де берен Бердібек», «Бердібек Сапарбаев. Өнегелі өмір» атты кітаптары таныстырылды. Туындыда қайраткер туралы деректер, туыстарының, үзеңгілес әріптестерінің естеліктері топтастырылған. Оқырман қауымға жол тартқан кітаптардың тұсауын авторлармен бірге Бердібек Машбекұлының жұбайы Қалдығайша Сапарбаева кесті.
Конференцияға қатысушылар алдында сөз алған Тамара Дүйсенова шараның басты мақсаты Сапарбаевтың мемлекеттік басқару ісіндегі іргелі бастамалары мен озық тәжірибелерін зерттеп, пайдалану мүмкіндіктерін қарастыру екеніне мән берді.
«Ең әуелі, ол кризис менеджер болды. Бұл – баршаға белгілі ақиқат. Мемлекетіміздің басшылығы әрдайым халықтың жағдайын жақсы білетін, әр істі қашан да тыңғылықты атқаратын Бердібек Машбекұлына ең қиын, күрделі салаларды сеніп тапсыратын. Ол қай жерде, қандай лауазымда қызмет етсе де, халықтың мүддесі мен әлеуметтік жағдайын, тұрғындардың денсаулығын ерекше назарда ұстады. Табысты еңбегінің арқасында көпшіліктің ықыласы мен құрметіне бөленді», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың экономика ғылымдарының докторы болғанын, теориялық түрде меңгерген білімін іс жүзінде пайдаланып, инвестиция тарту механизмдерін жүзеге асырғанын тілге тиек етті. Одан бөлек отандық ғалымдарға қолдау көрсете отырып, пандемия тұсында коронавирусқа қарсы вакцина шығаратын зауыт құрылысының басы-қасында жүргені туралы да айтылды.
«Бердібек Сапарбаев тұтас буынға тәлім-тәрбие беріп, отаншыл, мемлекетшіл тұлғалар легін өсіріп шығарған ұлағатты ұстаз болды. Мемлекеттік қызметке білікті мамандар даярлауға, кадрлар резервін қалыптастыруға айырықша көңіл бөлді. Олардың бойына мемлекетшілдік қасиет пен “адал азамат” тұжырымдамасын сіңіруге әрекет етті. Шәкірттерінің ішінен көптеген мемлекет және қоғам қайраткері шықты», — деді Тамара Дүйсенова.
Тұлғаның елге сіңірген еңбегі туралы Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсынов пен айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков те пікір білдіріп, оның шығармашылық пен руханиятқа деген жанашырлығын тілге тиек етті. Ғылыми ортаға көрсеткен қамқорлығы туралы ҚР Президентінің ғылым және инновациялар жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закарья атап өтті.