Жақып Асанов: Жұмысшылардың заңды құқығына әділетсіздік – наразылық себепкері
Палатаның жобалық кеңсесінің отырысы Maqsut Narikbayev University ғимаратында өтті. Онда еңбек саласындағы ұжымдық қатынастарды реттеу туралы заң жобасы талқыланды.
Сенат Төрағасының орынбасары Жақып Асанов даулар мен митингілердің негізгі себептерінің бірі – еңбек қатынастары саласындағы проблемалар екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы еліміздің бағытын: Әділетті Қазақстан – баршаға арналған әділеттілік қағидасымен белгілеген болатын. Өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде осы бағытта көптеген шаралар қабылданды. Дегенмен, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауды ұйымдастыру мәселелері әлі де ақсап тұр. Әдетте, жұмысшылардың құқықтары мен заңды мүддесіне әділетсіз қарау олардың ұжымдық наразылығының себебі болып табылады. Еңбек кодексінің ережелері әрдайым дұрыс жұмыс істей бермейді. Сондықтан жекелеген жағдайды шешу үшін ғана емес, тұрақты ұжымдық әділетті еңбек келісімін жасасуға жұмыс істейтін тиісті тетік керек», - деді Жақып Асанов өз сөзінде.
Шара барысында университет профессоры және заң жобасын әзірлеушілердің бірі Мүслім Хасенов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек саласындағы ұжымдық қатынастарды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы туралы айтып берді.
«Қызметкерлер мен жұмыс берушілер арасындағы әлеуметтік диалогты нығайтуға, тәуелсіз кәсіподақ қозғалысын дамыту және еңбек мәртебесін арттыру қажеттігіне баса назар аударылып отыр. Заң жобасында бірқатар негізгі өзгерістер ұсынылып отыр. Оның ішінде ұжымдық келіссөздер жүргізу процедурасын жеңілдету, еңбек дауларын шешу тетіктерін жақсарту және ереуілге қатысты нақты кепілдіктер беру де бар», - деді ол.
Қатысушылар шара барысында заң жобасындағы Еңбек туралы ұлттық баяндамасын енгізу, әлеуметтік әріптестіктің қолданылу аясын кеңейту, ұжымдық келіссөздер жүргізу рәсімдерін оңтайландыру, кәсіподақ мәртебесін нығайту және т.б. сияқты жаңалықтарды талқылады.
Жақып Асанов отырысты қорытындылай келіп заң жобасы бойынша жұмыс істеуге Парламент депутаттары, ғалымдар және басқа да мүдделі мекемелердің өкілдерінен құжатты одан әрі жан-жақты және мұқият пысықтау үшін жұмыс тобы құрылатынын хабарлады.