Сенат Төрағасы: Демографиялық даму – елдің бәсекеге қабілеттілік факторы
Парламент Сенатында Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын іске асыру аясында «Демографиялық өсу – ұлттың стратегиялық артықшылығының негізі» тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтті.
Іс-шараны ашқан Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан сөзіне назар аударып, демографиялық даму елдің бәсегекеге қабілеттілігін арттыратын тетік ретінде үлкен рөл атқаратынын және осы әлеуетті тиімді пайдалану маңызды міндет екенін атап өтті. Осыған орай Қазақстанда Көші-қон саясаты және Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамалары қабылданды, сондай-ақ, 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары әзірленді.
Мәулен Әшімбаев Қазақстандағы қарқынды демографиялық өсу жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отырғанына және осы үрдістен туындайтын түйткілдердің де бар екеніне тоқталды. Бұл өзгерістер еліміздегі зейнетақы жүйесіне, әлеуметтік қамсыздандыру саласына әсер ететіні анық. Одан бөлек, іс-шарада қазақстандықтардың салыстырмалы түрде алғанда жас ұлт саналатыны, азаматтардың өмір сүру ұзақтығының артуы және урбанизация мәселелері осы бағыттағы басымдықтар екені айтылды.
Сенат Төрағасы атап өткендей, урбанизация қалаларда жұмыспен қамтудың және баспананың қолжетімділігін қамтамасыз етудің өзектілігін арттыра түседі. Ұлттық статистиканың мәліметтері бойынша, қазірдің өзінде елімізде қала халқының үлесі 62 пайызға жеткен.
«Біріккен Ұлттар Ұйымы орта мерзімді уақытта Орталық Азия өңірінде қала халқының өсуі жалғаса береді деп болжап отыр. Әрине, бұл – оң үрдіс. Сонымен бірге ауылдық аумақтарды дамыту, жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру істерін де ұмытпауымыз керек. Осыған байланысты Ұлттық жобаға, Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасына және өңірлік дамудың басқа да жоспарларына енгізілген іс-шаралардың сапалы түрде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету қажет», – деген Мәулен Әшімбаев демографиялық жағдайды ескере отырып, әлеуметтік, транспорттық және инженерлік инфрақұрылымды тиісті деңгейде дамыту бағытындағы міндеттерге тоқталды.
Сонымен қатар Сенат Спикері өңірлердегі әлеуметтік-демографиялық және экономикалық теңгерімсіздік мәселелеріне, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, білім деңгейін, жастардың еңбек өнімділігі мен табысын арттыруға және жас отбасыларды қолдауға ерекше назар аударды. Мәулен Әшімбаев елдің орнықты экономикалық дамуы халықтың санымен, азаматтардың тұрмыс деңгейімен және еңбек ресурстарының қолжетімділігімен тікелей байланысты екенін айтты.
«Еліміздің демографиялық дамуына байланысты мәселелер бойынша тиімді ведомствоаралық іс-қимылды арттыру қажет. Жалпы, елдің теңгерімді демографиялық дамуы бәсекеге қабілеттілік факторларының бірі екені анық. Әділетті Қазақстан құру, ең алдымен, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған. Бұл – ең алдымен, адамның мүдделері мен қажеттіліктеріне басымдық беру, халықтың әл-ауқатын жақсарту деген сөз. Еліміздің демографиялық саясатының басты мақсаты да осы», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Үкімет сағатында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ЮНФПА-ның Қазақстандағы өкілі – ЮНФПА-ның Қырғызстан мен Түрікменстандағы Ел директоры Олоф Ронни Линдстроем, БҰҰ Балалар Қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілінің міндетін атқарушы Летисия Баззия-Вейл және сараптамалық қоғамдастық пен әкімдіктердің өкілдері сөз сөйлеп, көтерілген мәселе бойынша өз пікірлері мен ұсыныстарын айтты.
Суретті түсірген: Н. Байбулин