Тамара Дүйсенова дәрі-дәрмек саясатына қатысты: мәселе азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне байланысты
Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында дәрі-дәрмек саясатындағы мәселелер туралы сөз қозғалды.
1 шілдеден бастап елде дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесі жұмыс істей бастайды. Ол контрафактілік өнімдерді жоюға, дәрілік заттарды есепке алуға және ұтымды пайдалануға бағытталған. Дәрілік заттардың айналымына қатысатын барлық ұйымдарда, яғни өндірушіден дәріханаға дейін, осы мониторингті қамтамасыз ететін тиісті аппарат-сканерлер болуы тиіс.
«Денсаулық сақтау министрлігі ірі дәріханалардың, қоймалардың және бірқатар фармацевтикалық өндірушінің осындай жабдықтармен жабдықталуы төмен деңгейде екені туралы ақпарат берді. Жарақтандыру кестесі әрбір қатысушыға жеткізілді. Барлық қатысушы уақытылы жабдықталуы керек. Бұл шаралар азаматтар денсаулығы мен қауіпсіздігіне байланысты», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Елдегі эпидемиологиялық ахуал да назардан тыс қалмады. Вице-премьердің сөзінше, қызылшаға қатысты ахуал жергілікті жерлерде санэпидқызмет ұйымдар жұмысының төмен деңгейін және министрлік тарапынан тиісті үйлестіру мен бақылаудың жоқтығын көрсетті. Осыған байланысты ведомствоға қызметтің жұмысын қайта қарау және 1 сәуірге дейін тиісті ұсыныстар енгізу тапсырылды.
Тамара Дүйсенова медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі мәселесіне де назар аударды. Бұған дейін жеке сектордың медициналық көмек көрсетуге қатысуын 20%-ға дейін жеткізу міндеті қойылған болатын. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, қазір олар барлық қызметтің 64%-ін көрсетеді.
«Олай болса, біріншіден, бізде шығындар үнемделуі керек. Екіншіден, бәсекелестік есебінен көрсетілетін көмектің сапасы жақсаруы тиіс еді. Бізде не біріншісінде, не екіншісінде нәтиже жоқ. Себебі неде? Осынша қаражатты бөле отырып, біз қазіргі кезде шұғыл патологиясы бар науқастар емделіп жатқан мемлекеттік медициналық ұйымдардың жағдайын төмендеткен жоқпыз ба? Министрлікке және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 1 шілдеге дейін осы жағдайды шешуді тапсырамын. Басты міндет – көрсетілетін көмектің сапасы, оның халыққа қолжетімділігі және қаражатты тиімді пайдалану», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.