Сенаторлар қазақстандықтарды сумен қамтамасыз ету проблемалары туралы айтты
Сенат Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары «Су ресурстары: сумен тұрақты қамтамасыз етудің проблемалары мен перспективалары» тақырыбы бойынша көшпелі отырыс өткізді.
Сенат комитетінің төрағасы Әли Бектаев Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында су ресурстарына қол жеткізу мәселесінің маңыздылығына ерекше тоқтала келіп, бүгінгі таңда Түркістан және Қызылорда облыстарының суармалы жерлері аса қауіпті жағдайда екенін атап өткенін еске салды.
«Жағдайды жақсарту мақсатында, оның ішінде ылғал көп қажет ететін дақылдардың егістігін оңтайландыру, құрғақшылыққа төзімді ауыл шаруашылығы дақылдарына көшу және су үнемдеу технологиясын енгізу үшін нақты шаралар талап етіледі. Су қатынастары саласындағы басым мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін мемлекеттік билік органдары қызметінің тиімділігін арттыру және үйлестіру мәселелерін одан әрі дамыту қажет болып отыр», - деді Әли Бектаев.
Сенатор Жанболат Жөргенбаев өз кезегінде қазіргі Су кодексінде суды үнемдеу және суды үнемді пайдалануды ынталандыру тетіктері ескерілмегенін атап өтті.
«Салааралық өзара іс-қимылдың заңнамалық нақты тетіктерінің болмауы су тапшылығын азайту және олардың іске асуын бақылау жөніндегі шараларды жүйелі түрде жоспарлауға мүмкіндік бермейді. Қолданыстағы заңнама су ресурстарын пайдалану және қорғау саласындағы тиімді мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету мүмкіндігі төмен. Одан басқа, институционалдық құрылым мен басқару жүйесі одан әрі дамытуды және олардың тиімділігін арттыруды талап етеді», - деп атап өтті сенатор Жоргенбаев.
Сенаторлар су шаруашылығы ахуалымен танысу мақсатында Қызылорда су торабы, «Әйтек» су торабы, «Қызылорда су жүйесі» кәсіпорны және «Алтын Орда» күріш өндіру зауытында болды.
Көшпелі отырыстың нәтижелері бойынша қатысушылар Үкімет атына жіберілетін тиісті ұсынымдар әзірленді.