Ынтымақтастық нығая түсті және тәжірибе алмасты
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппараты делегациясының мүшелері Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысының Федерация Кеңесінде әріптестерімен жұмыс бабындағы кездесу өткізді.
Парламент Сенаты Аппаратының басшысы Максим Споткай мен Федерация Кеңесі Аппаратының басшысы Геннадий Головтың кездесуі барысында өзара іс-қимылды одан әрі нығайту талқылаудың негізгі тақырыбы болды. Тараптар сондай-ақ ынтымақтастық туралы тиісті меморандумды әзірлеу және оған қол қою мүмкіндігін талқылады.
Максим Споткай өз сөзінде біздің елдеріміз екі жақты күн тәртібіндегі ауқымды мәселелер бойынша барлық деңгейде өзара тиімді және нәтижелі іс-қимылды өрістетіп келе жатқанын атап өтті.
Геннадий Голов өз кезегінде Парламенттер Палаталарының Аппараттары арасындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін атап өтті. Ол сондай-ақ тәжірибе алмасу жұмысына қарқын беру үшін Аппараттардың тиісті құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінің өзара тағылымдамасын ұйымдастыруды ұсынды.
Кездесуге қатысушылар сонымен қатар электрондық құжат айналымында, ақпараттық жүйелерде, заңнамалық процесті ұйымдастыруда және Аппарат қызметінің өзге де салаларында жаңа тәсілдерді қолдану мәселелерін талқылады.