БАӘ-де Қазақстанның сауда үйі ашылды
Іскерлік кеңестің отырысы мен қазақстандық кәсіпорындардың сауда-экономикалық миссиясы 27-29 ақпанда Біріккен Араб Әмірліктерінде өтті. Қазақстаннан бизнес-делегацияны сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев басқарды.
Сауда миссиясы аясында Дубай ЭКСПО 2020 алаңында Қазақстан-Әмірліктер іскерлік форумы өтті. Іс-шараға екі елдің екі жүзден астам компаниясы, сондай-ақ құрметті қонақтар қатысты: Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұхаммед Саид Мұхаммед Әл-Арики, БАӘ Сауда-өнеркәсіп палаталары Федерациясының Бас хатшысы - БАӘ Халықаралық сауда палатасының төрағасы Хумаида Мохамеда Бен Салем, БАӘ Инвесторлар кеңесінің Бас хатшысы Джамал Саиф Аль Жарван, Дубай палатасының Өңірлік директоры Абдулла Бакер
Форум жұмысын ашқан Арман Шаққалиев Дубайдың сауда палатасына сауда миссиясын ұйымдастыруға және БАӘ-нің алғашқы Іскерлік Кеңесін өткізуге қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Ол Әмірліктер Қазақстанның Таяу Шығыстағы ірі сауда серіктесі болып табылатынын атап өтті.
«Салықсыз жүйенің, мықты экономиканың және БАӘ-де қазақстандық тауарларға сұраныстың арқасында Әмірліктер қазақстандық бизнесмендер үшін ең танымал бағыттардың бірі болып табылады», - деді Арман Шаққалиев.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы 328,9 млн долларды құрады, оның ішінде қазақстандық экспорттың үлесі 210,3 млн доллар, БАӘ-ден импорттың үлесі 118,6 млн доллар құрайды. Айтарлықтай сауда-экономикалық әлеуетті ескере отырып, Қазақстан мен Әмірліктер сауда көлемін 1 млрд долларға дейін арттыра алады. Отандық кәсіпорындар Шығанақ елдерінің нарығына органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді арттыруға дайын. Сонымен қатар, Қазақстан АӨК саласында әмірлік компанияларымен ынтымақтасуға мүдделі.
«Біз ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестікті құптаймыз, сондай-ақ әмірлік компанияларын органикалық тамақ өнімдерін өндіруге инвестиция салуға шақырамыз. Қазақстан Үкіметі экспортқа бағдарланған жобалар үшін инвестициялық преференциялар пакетін қарастыратын қауіпсіз және тұрақты инвестициялық ортаға кепілдік берді», - деп атап өтті Қазақстанның сауда және интеграция министрі.
«БАӘ мен Қазақстан ынтымақтастық үшін үлкен перспективаға ие, министр мырза белгілеген бағыттар біз үшін басымдықты және біз екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға жәрдемдесуге дайынбыз. Бизнес үшін диалог алаңдар құрылды, сіз іске қосқан сауда үйі біздің компаниялар арасындағы жаңа жобаларды бастауға мүмкіндік береді», - деді жоғары мәртебелі Бен Салем мырза.
БАӘ нарығына отандық тауарлар мен қызметтердің тартымдылығын арттыру және ілгерілету үшін Дубай ЭКСПО-дағы ұлттық павильонда QazTrade, ҚР Сауда және интеграция министрлігі, БАӘ-дегі Қазақстан елшілігінің қолдауымен Қазақстанның Сауда үйі ашылды.
Бұл алаң Қазақстан мен БАӘ бизнес-ортасын біріктіріп, сауданы, сондай-ақ ІТ, мұнай сервисі саласындағы бірлескен жобаларды одан әрі дамыту үшін берік негіз құрадйы.
Павильонның инфрақұрылымы кәсіпкерлерге 2024 жылдың соңына дейін өтеусіз негізде ұсынылады. Сауда үйінің бірінші қабатында қазақстандық тауарлардың шоу-румы орналасады. Екінші қабатта Qaz Steppe Innovation Hub коворкингі іске қосылады, онда Қазақстанның озық стартап-жобалары көрсетілдеі.
Бизнес-форум алаңдарында QazTrade қолдауымен B2B келіссөздері өтті, оған 60 қазақстандық азық-түлік, химия өнеркәсібі, IT-қызметтер, құрылыс саласы және т.б. өндірушілер қатысты.
Іскерлік кездесулердің қорытындысы бойынша кәсіпкерлер 28,6 млн долларға экспорттық келісімшарттарға қол қойды. Бұл, атап айтқанда, ет өнімдерін, бекіре уылдырығын, мақсары майын, буып-түйілген күрішті жеткізуге арналған шарттар.
Іскерлік форум шеңберінде Қазақстанның Сыртқы сауда Палатасы мен БАӘ Сауда-Өнеркәсіп Палаталары Федерациясы арасында өзара түсіністік туралы және Қазақстан– Әмірліктің Бірлескен Іскерлік кеңесін құру туралы меморандум жасалды.