СІМ-де Пржевальский жылқысын Қазақстанға реинтродукциялау жөніндегі жобаны қолдайды
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Астанаға Пржевальский жылқыларын Қазақстанға реинтродукциялау бойынша жобаны талқылау мақсатында келген Прага зообағының Директоры Мирослав Бобек бастап келген чех делегациясымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар жобаны іске асыру жөніндегі алдағы қадамдарды талқылады, сондай-ақ Қазақстан үшін ғана емес, жалпы біздің ғаламшардағы биологиялық алуандылықты қалпына келтіру үшін маңызы бар реинтродукция бойынша жұмысты табысты аяқтау үшін бірлескен күш-жігерді салуға уағдаласты.
«Братислава мен Прагадағы елшіліктеріміз бен Братислава мен Праганың зообақтары арасындағы бейресми пікірталастардан басталған жоба, қазірде Қазақстан мен Чехия үкіметтерінің қолдауына ие болып, қуатты дамығанына өте қуаныштымын» – деп атап өтті Р. Василенко. «Біздің чех достарымыз бен Қазақстан Республикасының басқа ведомстволардағы әріптестерімізді ҚР СІМ тарапы осы маңызды және мейірімді жобаға толық қолдау көрісетініне сендіремін».
Анықтама: Чехияның Премьер-министрі П.Фиаланың 2023 жылғы сәуірдегі Астанаға сапары аясында, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Прага зообағы арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы Меморандум, Қазақстанға Пржевальский жылқыларын тасымалдау жобасын бастауға негіз қалады.
Жобаның мақсаты – реинтродукцияланған популяция негізін және бастапқы функционалдық дала экожүйелерін қайта құру мақсатында, бес жыл ішінде Еуропадан Қазақстанға 40-қа жуық жылқыны көшіру.