Университетте оқытудың белсенді әдістерін қолдану
Біз білімнің
10% - тін оқығанда,
20% - тін тыңдағанда,
30% - тін көзбен көргенде,
50% - тін көзімізбен көріп, тыңдағанда,
70% - тін пікір таластырғанда,
80% - тін тәжірибе жасағанда,
95% - тін басқаларды үйреткенде
игереміз.
Вильям Глассер
Бүгінгі күн ерекшеліктерінің, тіпті проблемаларының бірі ақпараттың «ақылға симайтын шамадан тыс, игеруде адамның биологиялық мүмкіншіліктерінен артық» мөлшерде дамуы. Сол себепті де оқыту қысқа мерзімде ақпараттың көлемді бөлігін тиімді түрде ұсынатын, сол ақпаратты жоғарғы деңгейде игерте алатын және практикада бекіте алатын әдістерді қолдануды талап етеді.
Бұл талап білім саласында тұлғалық дамуды оқытудың негізі ретінде қарастырады. Бұл ұстаным білім игеру процесіне қатысушылардың (үйренуші мен үйретуші) бұрнағы авторитарлы-коммуникативтік қарым-қатынасын гуманитарлы-коммуникативтік қарым-қатынасқа өзгертіп отыр. Интербелсенді (интерактивті) оқыту бірінші мезетте білім игеру процесінде қатысушылардың тиімді қарым-қатынасына негізделеді. «Интербелсенді» дегеніміз диалог арқылы үйрену/үйрету, яғни «үйретуші – үйренуші», «үйренуші – үйренуші», «үйренуші - өзімен өзі» форматтарында жасаған қарым-қатынас («әңгіме», «сұхбат», «бірлескен әрекеттер»).
Интербелсенді оқу/оқыту бірлесе үйрену идеяларын ұстанады. Бірлесе үйренуде әрбір үйренуші танымның (оқу, үйренудің) ортақ мағынасына және қорытынды нәтижесіне өз үлесін қосып, басқалармен өзінің білгенімен, идеяларымен, алмасады, тиімді нәтижеге (білімге) қандай бірлескен үйрену/оқу әрекеттері арқылы жете алатындығын анықтайды. Мұндай қарым-қатынастағы бірлескен әрекеттер бірін-бірі жақтыру, өзара сыйласымдық пен қолдау атмосферасында өтіп, жаңа білім игеруге жағдай жасайды.
- оқытудың интербелсенді әдістері (пікірталастар, тренингтер, case-stady, рөлдік, оқу және іскерлік ойындар, т.б.);
- оқытудың интербелсенді тәсілдері (барлығы 20-дан астам дидактикалық тәсілдер: brеinstorming, INSERT, дөңгелек үстел, Жигсо, пікірталастар, эссе, жазу тәсілдері, графикалық органайзерлер: Т-chart, Венн диаграммасы, кластерлер, т.б.);
- бағалау мәселелері мен әдістері (тестілеу, рубрикалар, бақылау, өзін-өзі бағалау, сауалнама, портфолио, жазба жұмыстарының үлгілері).
Оқытуда интербелсенді әдістер мен технологияларды қолдану арқылы іскерлік ынтымақтастық қарым-қатынастар орнату, жағымды психологиялық орта құрастыру, солар арқылы үйренушілер өз біліміне деген жауапкершілікті нығайтады.
Интербелсенді оқыту диалогтық қатынасқа негізделеді, ал диалог өз кезегінде өзара түсіністікке, бірлескен әрекеттерге, таным процесінде туындаған мәселелер мен проблемаларды бірлесе шешуге алып келеді. Интербелсенді оқуда білім алушылар келесідей білім, білік, дағды, құзырлық, машықтарға үйренеді:
- терең ойлануға;
- ақпаратты өздігімен түсініп, оны таразылап, екшеп, оның ішінен керектісін таңдап алуға;
- ақпаратты жан-жақты талдауға;
- өздігімен жаңа түсінік пен білім құрастыруға;
- пікірталастарға қатысып, өз ойы мен пікірін дәлелдеуге;
- басқа да балама пікірлерді ескеруге;
- шешім қабылдауға және қиын мәселелерді шешуге;
- жауапкершілікке (өз біліміне, өміріне);
- басқалармен тиімді қарым-қатынас құруға.
Экономикалық пәндерді интербелсенді оқытуда білім алушыларда интеллектуалдық өзгерістер байқалады.
- Адам миының мүмкіншіліктерін бұрынғыдан тиімді пайдалану.
- «Өзің жасап ал!» идеясының іске асуы.
- Тұлғаны бағалауда интеллектуалды коэффициенттен (IQ) эмоционалды коэффициентке (EQ) көшу.
Дамыған елдердің экономикасы аналитиктерді көптеп қажет етуде. Символикалық аналитиктер деп нақты емес жағдайда жұмыс жасай білетін, проблеманы айқындай біліп, оны шешу жолдарын белгілеп, стратегиялық бағыттарды айқындай білетін мамандарды атайды. Қазақстан экономикасы да біліммен жұмыс жасай алатын, білімді нақты жұмысқа айналдыра білетін символикалық аналитиктерді қажет етеді.
Искакова М.С. PhD, Ибраева А.К. э.ғ.к., Акишева Д.М. PhD
«Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті»
«Экономика және қаржы» кафедрасы