Тарбағатай ауылында волейболдан ашық чемпионат өтті
Тарбағатай жалпы орта білім беретін мектебін 2014 жылы бітірген түлектер, өздерінің 10 жылдық кездесуі аясында волейболдан қыздар арасында ашық чемпионат ұйымдастырды.
Мектеп директоры Думан Каримов бұл спорттық шараның маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ, шара барысында ата-аналар сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс барысында 1-11 сынып аралығында сынып жетекші болған ұстаздар да ескерусіз қалмады. Сынып жетекшілері Гүлбаршын Қабидоллақызы, Тұрсынай Серікқанқызы, Ақмарал Жұмағалиқызы сөз сөйлеп, шәкірттеріне алғыс айтты. Өз кезегінде шәкірттері де мереке қарсаңында құрмет көрсетіп, сыйлықтар табыстады.
Тартысқа толы волейбол жарысында 6 команда ойын өрнегін көрсетті. Жарыс нәтижесі бойынша жүлделі бірінші орынды «Оқушылар» командасы, екінші орынды «Көктем» командасы, үшінші орынды «Тарбағатай» командасы жеңіп алды. Ал «Үздік ойыншы» аталымын «Қызғалдақ» командасының ойыншысы, қарт ұстаз Назым Сапарқызы, «Үздік қорғаушы» аталымын «Ақбөкен» командасының ойыншысы Әсем Молдағалиқызы, «Үздік шабуылшы» аталымын «Оқушылар 2» командасының ойыншысы Жаннұр Асхатқызы иеленді.
Барлық жеңімпаздар мен үздік ойын өрнегін көрсеткен қатысушыларға арнайы кубок, медаль, диплом және ақшалай сыйлықтар табыс етілді.