Ақсуатта Дәлелхан Сабуровты еске алуға арналған волейболдан облыстық турнир өтті
25 қазан - Республика күніне орайластырылып Абай облысының Ақсуат ауданы, Көкжыра ауылында осы ауылдың төл перзенті, қоғам қайраткері, ішкі істер министрлігіне еңбегі сіңген полиция полковнигі, біртуар тұлға Дәлелхан Сабуровты еске алу құрметіне арналған дәстүрлі мектеп оқушылары арасында волейболдан облыстық турнир осымен 11-ші мәрте ұйымдастырылды.
Көкжыра ауылы М. Әуезов мектебінде өткен тартысты сайысты, спорттық шараны ұйымдастырудың ең басты мақсаты - салауатты өмір салтын насихаттап, жас волейболшылардың шеберлігін шыңдау. Себебі барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Бұл туралы Президенттің биылғы Жолдауында да айтылған.
Президент өз Жолдауында халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді деп атап өтті. Ал денсаулық кепілі – спорт.
Бұл игілікті спорттық іс-шараны ұйымдастырушы Дәлелхан ағамыздың інісі, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті, белгілі меценат, Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы, ұлтымыздың мақтаныш ұлы Бәделхан Кәмалханұлы.
Жарысқа Семей қаласынан, Аягөз, Жарма, Көкпекті, Ақсуат аудандарынан, Көкжыра, Көкжайық, Сәтпаев, Кіндікті ауылдарынан, М. Имашев атындағы спорт мектебінен оқушы ұлдар, қыздар құрамасы қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатында Ақсуат ауданының әкімі Асхат Смайлов құттықтау сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Дәлелхан ағамыздың ағасы Абдолла ағамыз, үзеңгілес достары атынан ел ағалары Б. Шегедеков, Қ. Шыныбаев, спорт ардагері Н. Ілиясов ағаларымыз Дәлелхан Кәмалбекұлының жасап кеткен жарқын істерін тілге тиек етіп, сайысқа сақадай сай тұрған сайыпқырандарға сәттілік тілесе, батагөй ақсақалымыз Әсет Аханжанов ақ батасын берді.
Мектептің 4-сынып оқушылары Дәлелхан аталарына арнап өлеңдерін оқыды.
Дәстүрлі волейбол турнирінде барлығы 13 команда бақ сынасты. Ұлдар арасындағы ойынды айтпағанда, волейболшы қыздар да тартысты кездесулер өткізді.
Жалпы, Ақсуат ауданында волейболға деген қызығушылық жоғары. Жылдан жылға спорттың бұл түрімен айналысатын жастар көбейіп келеді. Ала допты алақанында ойнататын балалар талай байрақты бәсекеде топ жарып жүр.
Жарыс қорытындысы бойынша қыздар арасында бірінші орынды Семей қаласы №47 мектеп оқушылары, екінші орынды Семей қаласы №19 мектеп оқушылары, үшінші орынды Көкпекті ауданынан келген оқушылар жеңіп алды.
Ал, ұлдар арасында бірінші орын Жарма ауданы, екінші орын Аягөз ауданы, үшінші орын Көкпекті ауданынан келген оқушы спортшыларға бұйырды.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарды аудан әкімі А. Смайлов, осы шараның бас ұйымдастырушысы Б. Кәмалханұлы, Ұйымдастыру алқасы төрағасы Н.Маратов, аудандық білім бөлімінің басшысы А. Қыдырмолдиндер құттықтап, арнайы кубоктарды, диплом және сыйлықтарды табыс етті. Жарысқа қатысушы барлық командаларға, жаттықтырушыларына құрмет көрсетілді.
Дүбірлі доданың үйлестірушісі Бәделхан Кәмалханұлы Дәлелхандай асыл текті азаматтың рухына арнап құран-қатым түсіртті. Ас үстінде сөз алған алыстан келген қонақтар ел азаматтарының береке-бірлігіне, қонақжайлылығына ризашылықтарын білдіріп, ауылдарына разы көңілмен аттанды.