«Даму» Қоры Әзірбайжандық серіктестерімен ынтымақтастықты нығайтуда
2024 жылғы 11 наурызда Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы мемлекет басшылары кездесуі кезінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен Әзірбайжанның «Шағын және орта бизнесті дамыту агенттігі» (KOBIA) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандум Қазақстан мен Әзірбайжан кәсіпкерлері арасындағы тығыз коммерциялық байланыстарды дамыту, оның ішінде тауар айналымы мен сауда көлемін ұлғайту, екіжақты ынтымақтастық пен технологиялар трансферті көлемін ұлғайту үшін негіз болатын ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі нақты шаралары бар жол картасынан тұрады.
Сонымен қатар, осы меморандумға қол қою «Даму» Қорының неғұрлым тиімді және кешенді қызметтер көрсету үшін МШОК субъектілеріне көрсетілетін қаржылай емес қолдау шараларын кеңейтудегі әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
«Даму» Қоры өкілдері Қазақстан-Әзірбайжан Іскерлік кеңесінің «Сауда қатынастарын дамытудағы жаңа тәсілдер» тақырыбындағы IIші отырысына қатысты.
2024 жылғы 12 наурызда Әзірбайжандық серіктестермен, атап айтқанда, Әзірбайжан Республикасының кәсіпкерлікті дамыту қоры және Шағын және орта бизнесті дамыту агенттігімен (KOBIA) кездесулер өтті. Әзірбайжан қорымен кездесу барысында «Даму» Қоры базасында IT, ШОБ қолдау бағдарламалары және басқа да іс-шаралар саласында, сондай-ақ жоспарланған «ULTTYQ ÓNIM» көрмесі аясында тәжірибе алмасуды ұйымдастыру туралы уағдаласты.
Кездесу барысында KOBIA «ШОБ үйлерінің» жұмысымен таныстырды. Мұнда кәсіпкерлерге жаңа тәсіл мен заманауи инновацияларды қолдана отырып «бірыңғай» терезе форматында қызмет ұсынылып, бизнеске арналған «ШОБ кластері» қызметі, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және т.б да қызметтер көрсетіледі. Сондай-ақ, өзара ынтымақтастықты тиімді құру жолындағы одан арғы іс-қимыл жоспары талқыланды.