Елордада Taldau Talks сарапшылар платформасы таныстырылды
Бүгін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен Taldau Talks диалог платформасының алғашқы отырысы өтті. Сарапшылар бас қосқан іс-шарада Орталық Азияның әлемдегі артып келе жатқан рөлі және жаңа геосаяси жағдайға байланысты өңір бетпе-бет келіп отырған негізгі сын-қатерлер талқыланды. Кездесуге американдық саяси сарапшы, Орталық Азия және Кавказ институтының негізін қалаушы Фредерик Старр арнайы мейман ретінде қатысты.
Бүгінде елімізде сараптамалық-аналитикалық саланы дамыту үшін Сенатта жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Taldau Talks платформасы осы кешенді істің лайықты жалғасы екенін атап өткен жөн. Жаңа алаң Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелерін және Талдау мектебінің тәлімгерлері мен түлектерін біріктіреді. Платформаның негізгі міндеті – жаһандық проблемаларды талдау және салалық халықаралық сарапшыларды тарта отырып, оларды шешудің тиімді жолдарын әзірлеу.
Taldau Talks-тың алғашқы отырысында Орталық Азия елдерінің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, халықаралық субъектіліктің өсуі және өңірдегі мемлекеттердің халықаралық қатынастарға ықпалы кеңінен сөз болды.
Сенат Төрағасы өз сөзінде Орталық Азия елдерінің өзара ынтымақтастығының перспективалық бағыттарына, оның ішінде сауда-саттықты кеңейту және жаһандық процестерге байланысты өңірлік күн тәртібін қалыптастыруға мүмкіндік беретін инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелеріне тоқталды.
Сонымен қатар кездесуде сарапшылар климаттың өзгеруіне және су ресурстарының тапшылығына байланысты өңірде туындаған сын-қатерлерге назар аударды. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, мұндай проблемаларды шешу жолында барлық тараптың ортақ іске күш жұмылдыруы және бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауды негізге ала отырып әрекет етуі аса маңызды.
Өз кезегінде Фредерик Старр бүгінде Орталық Азия аймағында болып жатқан серпінді және елеулі өзгерістерге тоқталды. Ғалым олардың ішінде саяси реформалардың іске асырылу барысына және елдердің әлеуметтік-экономикалық күн тәртібіне ерекше назар аударды.
Жаңа платформаның отырысына Жас сарапшылар клубының мүшелері, Талдау мектебінің түлектері мен тәлімгерлері және басқа да аналитикалық институттар мен орталықтардың өкілдері белсенді қатысып, талқыланған тақырып жөнінде өз пікірлерін білдірді.