Қазақстан мен Аустрияның сыртқы саяси ведомстволарының басшылары келіссөздер өткізді
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Венаға жұмыс сапары шеңберінде Аустрия Республикасының Еуропалық және халықаралық істер министрі Александр Шалленбергпен екіжақты келіссөздер жүргізді. Тараптар екі ел арасындағы саяси өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мәселелерін талқылады және ағымдағы жылы жоспарланған аса жоғары және жоғары деңгейдегі екіжақты сапарлар мен іс-шаралар кестесін қарастырды.
Сұхбаттастар екіжақты ынтымақтастық мәселелері бойынша «сағат теңестірді» және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар маңызды мәселелер, соның ішінде теңізге шығатын жолы жоқ елдер ретінде өзара қолдау көрсету, Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ілгерілету жөніндегі ынтымақтастықтың жоғары деңгейі бойынша ұстанымдардың ортақтығын атап өтті.
Аустрия СІМ басшысы Қазақстанның ЕҚЫҰ жұмысына белсенді қатысуын жоғары бағалап, Ұйым елдер арасындағы диалог орнатудың тиімді алаңы ретінде қызмет етуі тиіс екенін атап өтті.
Министрлер сондай-ақ Қазақстан мен Аустрия арасындағы экономикалық кооперацияны күшейту және инвестициялар тарту, көлік-транзиттік әлеуетті нығайту және жаңартылатын энергия көздері бойынша ынтымақтастық, сондай-ақ визалық режимді жеңілдету перспективалары жөніндегі практикалық мәселелерді талқылады.
Дипломаттар іскерлік байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, бизнес делегациялардың өзара сапарларын ұйымдастыруға келісті. Айта кететін жәйт, 2023 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 64%-ға ұлғайып, 332,6 млн АҚШ долларын құрады (экспорт – 9,7 млн, импорт – 322,9 млн). 2005 жылдан бастап Аустриядан Қазақстанға тартылған инвестициялар көлемі 3 млрд АҚШ долларын құрады.
Осы тұрғыда тараптар Қазақстан-Аустрия үкіметаралық комиссиясының, сондай-ақ Іскерлік кеңестің екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын нығайтудағы және өзара іс-қимылдың жаңа перспективалық бағыттарын айқындаудағы маңызды рөлін атап өтті.
Орталық Азия өңірінің өсіп келе жатқан маңыздылығын ескере отырып, министрлер жұмыс байланыстарын қолдауға және халықаралық алаңдар шеңберінде жемісті өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.