Олжас Бектенов ЕАДБ басшысы Николай Подгузовпен инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп іске асыру мәселелерін талқылады
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузовпен инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективалары бойынша кездесу өткізді.
Өткен жылы ЕАДБ Қазақстанның ұлттық экономикасының түрлі секторларындағы бірқатар инвестициялық жобаны қаржыландырды. Олардың қатарында полипропилен шығаратын зауыт, магистральдық тепловоздар сатып алу, Қостанай облысында жел электр станцияларын салу және т.б. бар.
Кездесуге қатысушылар Қазақстанның ЕАДБ-ның жылдық инвестицияларындағы үлесінің артқанын атап өтіп, банктің инвестициялық белсенділігін одан әрі күшейту әлеуеті зор екенін атап өтті. Жылдық инвестициялардағы Қазақстанның үлесі 2022 жылғы 48,5%-дан 2023 жылы 59%-ға дейін өсті.
Биыл ЕАДБ-ның Қазақстан экономикасына салған жаңа инвестициялары кемінде $1 млрд-ты құрайды. Осы жылға арналған негізгі жобалар пулы көлік, өнеркәсіп, энергетика және қоршаған ортаны жақсарту, АӨК салаларын, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды жүргізу мен жаңғыртуды қамтиды.
ҚР Премьер-Министрі Мемлекет басшысының жол желісін дамыту, тұрғын үй құрылысы, ТКШ-ны жаңғырту және газдандыру саласындағы ауқымды инфрақұрылымдық бастамаларын іске асыруға инвестициялар тартудың маңыздылығын атап өтті.
«Банктің басым бағыты ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру болуға тиіс. Біз өзара тиімді негізде банкпен ынтымақтастықты кеңейтуге дайынбыз», — деді Олжас Бектенов.
Өз кезегінде ЕАДБ басқарма төрағасы Николай Подгузов қаржы институтының тұрақтылығы туралы хабарлады. Атап айтқанда, қабылданған шаралардың нәтижесінде ЕАДБ $125 млн мөлшерінде қаржылық оң нәтижеге қол жеткізді. Банктің несиелік рейтингі Қазақстанның тәуелсіз рейтингі деңгейінде сақталды: «BBB-» (S&P), сондай-ақ қытай нарығында ССXI «ААА» ең жоғары рейтингі алынды. Сонымен қатар портфельдің сапасы жақсарып, кешіктірілген төлемдердің үлесі төмендеді.
Кездесуге қатысушылар ЕАДБ жылдық инвестицияларындағы қазақстандық үлесінің артқанына тоқталып, Банктің инвестициялық белсенділігін одан әрі нығайту әлеуетін атап өтті.