Қазақстанда шағын пәтерлі тұрғын үйді басқарудың жаңа түрі жолға қойылды
Парламент Сенатының пленарлық отырысында «Қазақстан республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды.
Бұл бағыттағы реформа 2020 жылдан басталып (мүліктің меншік иелерінің бірлестігі және қарапайым серіктестік), оны іске асыру барысында бірқатар өзекті мәселе анықталған еді.
Осыған байланысты Парламент Мәжілісінің депутаттары тұрғын үй қатынасын реттейтін заңға түзетулер пакетін енгізуге бастама көтерген болатын.
Тұтастай алғанда, аталған заң көппәтерлі тұрғын үйді басқарудың тетігін жақсартып, ашықтықты қамтамасыз етуге және осы процеске жылжымайтын мүлік иелерін белсенді тартуға бағытталғанын айта кетейік.
Мәселен, осы реформада қарапайым серіктестікті (ҚС) құру үшін пәтер санын 30-ға дейін шектеуді ұсыну жолдары қарастырылған. Бұл амал ҚС заңды тұлғаға жатпайтындықтан және басқарудың аталған түрі бойынша ағымдағы әрі жинақ шоттарын ашуда қиындықтар туындап отырғандықтан қолға алыныпты.
Сонымен қатар заңда кондоминиум нысанын басқарудың жаңа түрін құруға мүмкіндік берілген. Айталық, пәтер саны 16-дан аспайтын шағын пәтерлі тұрғын үй иелеріне бірлесіп басқару жолдары пысықталған.
Бұған қоса енгізілген өзгеріске сәйкес, тұрғындар басқарудың қандай да бір түрін таңдауда ортақ келісімге келе алмаған жағдайда тұрғын үй инспекциясына бір жыл мерзімге дейін уақытша басқарушы компанияны белгілеуге рұқсат беру жөніндегі норма қарастырылған.
Одан басқа кез келген тұрғын үйде кондоминиум объектісін басқарудың жаңа түрі құрылғанға дейін құрылысты жүргізіп жатқан мердігер 6 ай мерзімге дейін уақытша басқарушы компанияны тарта алады. Осы арқылы көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарусыз және тиісті күтімсіз қалдырмауға мүмкіндік беретін бірқатар норма енгізіледі.
Бұдан бөлек қабылданған заңда қаржылық сипаттағы мәселелерді шешу үшін кворумды меншік иелерінің жалпы санының 2/3-не дейін азайту ұсынылған. Сондай-ақ жазбаша сауалнаманы жүргізу 1 айдан 2 айға дейін артпақ.
Сонымен бірге жоғарыдағы заң бойынша жекеменшіктегі (бөлек) мүліктің дербес түрлері ретінде тұрақ орны мен қоймалардың мәртебесін бекіту ұсынылғанын айта кеткен жөн.