Өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды
Бүгін, ағымдағы жылдың 1 сәуірінде, Абай облыстық сотының атынан сот төрағасының м.а. Бақытберген Жаманбаев бір жағынан, «Абай облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің атынан төрағасы Зәуреш Исабаева екінші жағынан өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Меморандум Татуласу орталығының жұмысын ұйымдастыруда өзара іс-қимылды қарастырады. Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының Заң клиникасының филиалы Абай облысының халқына құқықтары мен мүдделерін қорғау және жүзеге асыру бойынша практикалық, тегін (кеңес беру) көмек көрсету мақсатында өз жұмысын бастады. Заң клиникасы филиалының базасында «Татуласу орталығы» ашылды. Татуласу орталығының міндеті – тараптардың және мүдделі тұлғалардың қатысуымен дауларды соттан тыс реттеуді ұйымдастыру мен жүргізуге жүйелі көзқарасты қамтамасыз ету, сондай-ақ медиациялық, психологиялық, әлеуметтік, құқықтық, ақпараттық және басқа да байланысты қамтамасыз ету.
Тараптар бірлесіп еңбек заңнамасы саласындағы өзекті мәселелерді шешу бойынша кездесулер, дөңгелек үстелдер, семинарлар, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, медиация қызметін насихаттау, медиаторлардың беделін арттыру, халық арасында жеке және заңды тұлғалардың дауларын сотқа дейін және соттан тыс реттеудің артықшылықтары және еңбек пен әлеуметтік дауларды шешудегі медиация институттары туралы белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша іс-шараларды өткізуге келісті.