БҚО аумағында болған авиациялық оқиға бойынша брифинг өтті
Бүгін Төтенше жағдайлар министрлігінде 23 ақпанда Батыс Қазақстан облысының аумағында болған авиациялық оқиға фактісі бойынша брифинг өтті. Спикер болып Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов сөз сөйледі.
«Төтенше жағдайлар министрлігі Батыс Қазақстан облысында авиациялық оқиғадан қаза тапқандардың барлық туыстары мен жақындарына министрліктің барлық ұжымы атынан шын жүректен көңіл айтады.
Кеше біздің жүйе үшін қайғылы күн болды. Бір күнде біз төрт әріптесімізден айырылдық. Қызметкерлер өз ісінің білікті және тәжірибелі мамандары болды. Сонымен қатар, авиациялық оқиға кезінде біздің бір қызметкеріміз Қазавиақұтқару жетекші инженері және ҚазТрансОйл өкілі зардап шекті», - деп Руслан Иманқұлов айтты.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, кеше 23 ақпанда Астана уақытымен сағат 15.48-де дағдарыс жағдайларында басқару орталығына Орал қаласынан 54 км жерде Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Чапурино кентінің ашық аумағында Ми-8 ТЖМ Қазавиақұтқару тікұшағы қонуға мәжбүрлі болғаны туралы ақпарат келіп түсті.
Тікұшақ «Атырау-Орал-Атырау» бағыты бойынша ұшқан болатын. «ҚазТрансОйл» АҚ-ның өтінімі бойынша тікұшақ «Өзен-Атырау-Самара» магистральдық мұнай құбырын бойлай ұшты.
Сағат 10.40-та «ҚазТрансОйл» АҚ өтінімі бойынша Атыраудан ұшып шықты, бортта 6 адам - 5 экипаж мүшесі және «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 1 өкілі болды.
2021 жылы жасап шығарылған Ми-8 тікұшағының әуеде ұшуы 250 сағатты құрайды, 2023 жылдың 17 қаңтарында Атырау қаласында мерзімді техникалық қызмет көрсетуден өткен болатын. 2030 жылы әуе кемесі алғашқы күрделі жөндеуден өтуі тиіс болатын. Тікұшақ пайдаланылған сәттен бастап ұшуға жарамдылығына әсер ететін ақаулар мен ескертулер болған жоқ.
Оқиғаның орын алғаны туралы хабарлама түскеннен кейін БҚО ТЖД бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Рашид Блялов 23 құтқарушы мен 8 техникадан тұратын топты басқарып оқиға орнына барды. Сондай-ақ оқиға орнына жедел медициналық жәрдем ауруханасының 15 дәрігері және құқық қорғау органдарының өкілдері де оқиға орнына барды. ТЖ департаментінде жедел штаб және «жедел желі телефоны» ұйымдастырылды.
Сағат 19.07-де оқиға орнында ТЖД күшімен қаза тапқандардың 4 денесі табылды: әуе кемесінің командирі Довлетбай Қанатов, екінші ұшқыш Владимир Афанасьев, борт механигі Сиязбек Андосов және инженер Жәрдем Досқалиев. Қазавиақұтқару инженері Сергей Щеглов пен «ҚазТрансОйл» АҚ желілік құбыржолшысы С.С. Ерғалиев түрлі жарақаттармен жедел медициналық жәрдем вагонымен Орал қаласының көпсалалы ауруханасына жеткізілді.
Қазавиақұтқару бас директоры оқиға орнына бірден ұшып шықты. Сонымен қатар бүгін тікұшақты әзірлеген зауыт өкілдері оқиға орнына баратын болады.
Оқиғаның мән-жайын тергеумен ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері мен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді Тергеу департаментінің қызметкерлері айналысатын болады.
Қазавиақұтқару қаза тапқандардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсететін болады, ритуалды қызметтерге жұмсалатын барлық шығындар Қазавиақұтқару есебінен жүргізілетін болады. Қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларындағы балалар кәмелеттік жасқа толғанға дейін қаза тапқан қызметкердің жалақысы мөлшерінде ай сайынғы жәрдемақымен қамтамасыз етілетін болады. Барлық қажетті төлемдер ұжымдық келісімшартқа сәйкес төленетін болады.
Бұл мәселелердің барлығы ТЖ министрінің жеке бақылауында.