Тамара Дүйсенова: Балалардың қауіпсіздігі тұрақты бақылауда болуы керек
Үкіметте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері қарастырылды.
Жиынға мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Аталған бағытта атқарылып жатқан шаралар туралы оқу-ағарту министрінің орынбасары Еділ Оспан баяндады.
Биылғы маусымда мектеп жасындағы балалардың 85%-ын жазғы белсенді демалыс шараларымен қамту көзделіп отыр. Айта кетейік, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін лагерьлерге тегін жолдамалар қарастырылады.
Дайындық шараларын үйлестіру үшін республикалық және өңірлік деңгейде штабтар құрылған. Оның құрамына мемлекеттік органдардан бөлек, салалық бірлестіктер те енген.
Министрлік лагерь түрлеріне (жыл бойы қызмет көрсететін, елді мекен сыртындағы, мектеп жанындағы, т.б.) байланысты бірыңғай талаптар бекітті.
«Алдын ала мәлімет бойынша елімізде оқушылар үшін 10,5 мыңнан аса лагерь жұмысы ұйымдастырылмақ. Ол жерде демалыстан бөлек, танымдық бағдарламалар да қарастырылады. Қазір біз лагерьлер жұмысына жауапты органдар үшін ұйымдастыру тетіктері қарастырылған жадынамаларды әзірледік. Одан бөлек демалыс орнындағы қауіпсіздік шаралары туралы семинарлар өткізіп, науқанның барлық түрін қамтитын әдістемелік құралдарды әзірлеуді қолға алдық», — деді Еділ Оспан.
Тамара Дүйсенова демалыс орындарында санитарлық талаптардың қатаң сақталуы қажеттігіне мән берді. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігіне лагерьлердің сәйкестігін жіті тексеруді тапсырды.
«Балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Бұл ретте Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, Төтенше жағдайлар, Ішкі істер министрліктері бірлесе жұмыс атқарғаны жөн. Балалармен жұмыс істейтіндер арнайы дайындықтан өтуі тиіс. Құқық қорғау органдары лагерьде қызмет көрсететін тұлғаларды алдын ала тексеруі керек. Бір сөзбен айтқанда, балаларды демалысқа жіберген ата-аналар олардың қауіпсіз жерде жүргеніне сенімді болуы қажет. Бұған салғырт қарауға болмайды», — деп ескертті вице-премьер.
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру шаралары бірнеше кезеңге бөлініп, тиісті мерзімдер бекітілді. Тамара Дүйсенова мүдделі мемлекеттік органдарға дайындық жұмыстарының уақытылы әрі сапалы өткізілуін қатаң бақылауды жүктеді.