Сенат Төрағасы Рим Папасымен кездесті және дінаралық конференцияға қатысты
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ Парламент депутаты жұмыс сапарымен Ватикан мен Италия Республикасына барды. Сапар аясында делегация Рим Папасы Францискпен кездесті. Сондай-ақ Ватиканның Дінаралық диалог жөніндегі Дикастериясының және Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. Қазақстандық сенаторлар Италия Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарымен де кездесіп, парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Мәулен Әшімбаев Рим Папасы Францискке ілтипат танытып, Понтификке аудиенция үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ ол екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың одан әрі нығаюына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл қаңтар айында Ватиканға жасаған ресми сапары айтарлықтай серпін бергенін атап өтті. Сенат Спикері өз сөзінде Қасиетті Таққа Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезіне жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ Рим Папасының VII Съезге қатысуы жаһандық дінаралық диалогты арттыруға және халықаралық деңгейде рухани дипломатияны дамытуға зор ықпалын тигізгенін айтты.
Өз кезегінде Рим Папасы Франциск Қасиетті Тақ Қазақстанның бейбітшілік пен түрлі дін өкілдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған бастамасын қолдайтынын тілге тиек етті. Сонымен бірге ол Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезіне қатысқан сәтті еске алды.
Сапар аясында экология, жаһандық жылыну және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Мәулен Әшімбаев Қазақстан Президенті жасыл экономикаға көшу мәселесіне баса мән беріп отырғанын айтты. Соған сәйкес ұлттық заңнама, Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның қызметі және басқа да бағыттар аясында кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Италия Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Иньяцио Ла Руссамен кездесті. Сұхбат кезінде тараптар парламентаралық қарым-қатынасты арттыру мәселесіне кеңірек тоқталды.
Өз сөзінде Иньяцио Ла Русса екі елдің қарым-қатынасын әрі қарай арттырудың маңызды екеніне назар аударып, Қазақстанда жүргізіліп жатқан демократиялық жаңғыртулар мен реформаларға қолдау білдірді.
Екіжақты кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін де талқылады. Одан бөлек, екі жақ білім беру және туризм саласындағы серіктестікті кеңейту жөнінде пікір алмасты.