Алматыда әскери жоғары білім ордаларының курсанттарына арналған «Сардар» курсы басталды
Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың тапсырмасымен алғаш рет Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының «Әли» оқу-жаттығу орталығында оқуды аяқтайтын курсанттарға арналған «Сардар» бақылау-кешенді курсы ұйымдастырылды.
Іс-шараның ашылуына Қарулы күштер Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Асан Жүсіпов, жоғары оқу орнының басшылығы, профессорлық-оқытушылар құрамы және Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.
Сеніп тапсырылған бөлімшелерді басқару және оларды жауынгерлік қолдану міндеттерін орындауға базалық дайындық барысында білім сапасы мен қажетті дағдыларды игеру тексерілетін болады.
«Сардар» курсы төрт кезеңде өткізіледі. Оқуға 291 оқу сағаты бөлінген. Нормативтерді пысықтау кезінде сабақтардың 30 пайызы түнгі уақытқа жоспарланған.
Курс аяқталғаннан кейін болашақ офицерлер оқытудың негізгі пәндерінен бағдарлама көлемінде кешенді емтихан тапсырады.
Курсанттарға «Сардар» курсын аяқтағаны туралы куәлік беріледі. Құжатқа бағалау ведомостарынан үзінді көшірме қоса беріледі. Бұл деректер курсанттарды Қарулы күштер бөлімшелеріне офицерлік лауазымдарға бөлу кезінде ескерілетін болады.
Курсты сапалы өткізу үшін қажетті оқу-материалдық база дайындалды. Сабақтарды тәжірибелі маман-нұсқаушылар өткізеді.