Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері ЕҚЫҰ ПА-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Фара Каримимен кездесу өткізді
Кездесуге Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен, сондай-ақ Ұлттық комиссияның мүшесі Азиза Шөжеева қатысты.
Отырыс барысында Қазақстандағы саяси өмірде әйелдер мен жастардың рөлін арттыру мәселелері, жастар мен гендерлік саясаттың маңызды аспектілері, сондай-ақ осы салаларды дамыту үшін қабылданып жатқан шаралар талқыланды.
Қайрат Қамбаров «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңда қабылданған тұжырымдамалық түзетулер туралы айтты.
«Осы Заңның негізгі новеллаларының бірі – жастардың жас мөлшерін 35 жасқа дейін ұлғайту. Осылайша, мемлекеттік қолдауға ілігетін жастар саны 1,5 есеге яғни 3,7 млн. адамнан 6 млн. адамға дейін көбейді», - деп атап өтті комитет төрағасы өз баяндамасында.
Ләззат Сүлеймен Ұлттық комиссияның қызметі және Қазақстандағы гендерлік саясат саласындағы жетістіктер, әйелдер мен қыздардың құқын, мүмкіндіктерін кеңейту, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы кеңсесімен атқарған көпжылдық еңбегі мен бірлескен жобалары туралы айтып берді.
Тараптар қоғамда ер мен әйел құқықтары және олардың мүмкіндіктері тең екенін атап өтіп, осы бағытта бірігіп қызмет етуге келісті.