Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери бөлімі Бас штаб комиссиясының тексерісінен сәтті өтті
ҚР Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлері 16194 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қысқы оқу кезеңінің бақылау тексерісінен өтті. Әскери бөлімнің жауынгерлік дайындық деңгейін Бас штаб комиссиясы бағалады.
Тексеру комиссиясының құрамына байланыс әскерлерінің, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының, Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының мамандары және Бас штаб Байланыс департаменті бастығының орынбасары полковник Әсет Мәдемаровтың басшылығымен Алматы өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасының өкілдері кірді.
Тексерудің басты мақсаты – әскери бөлімнің жауынгерлік әзірлігін, әскери қызметшілердің дене шынықтыру даярлығының деңгейін, қару-жарақ пен әскери техниканың жай-күйін, сондай-ақ бөлімшелер мен басқару органдарының мақсаты бойынша міндеттерді орындауға дайындығын анықтау.
Іс-шара барысында полковник Самат Елубаевтың басшылығымен әскери бөлімнің жауынгерлік дайындық деңгейі тексерілді. Әскери байланысшылармен бақылау тексерісі жүргізілді және жауынгерлік даярлық пәндерінен сынақтар қабылданды. Жеке құрам атыс қаруынан және автомобиль техникасын жүргізу бойынша бақылау ату нормативтерін орындады.
Бұдан басқа әскери қызметшілердің әскери-медициналық, мемлекеттік-құқықтық, тактикалық-арнайы даярлық және басқа да көптеген пәндер бойынша дағдылары бағаланды. Тактикалық және арнайы дайындық командалық-штабтық машинаны, радиорелелік станцияны, телефон және телеграф аппаратурасын орналастыруды, сондай-ақ жоғары тұрған штабпен байланыстың барлық түрлерін орнатуды қамтыды.
Бас штаб комиссиясы әскери бөлімнің дайындық деңгейін "жақсы" деп бағалады. Осындай тексерулер Десанттық-шабуылдау әскерлерінің барлық құрамалары мен әскери бөлімдерінде жүргізілгенін атап өткен жөн. Оларды бағалауға Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының басқару комиссиялары тартылды.