Алматыда суретші Николай Рерихтің 150 жылдығына арналған көрме ашылды
Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайында суретші Николай Рерихтің 150 жылдығына арналған «Жол басы» атты көркем және иллюстрациялық – кітап көрмесі ашылды.
«Орыс өнері» мұражайының залында суретшінің ерте петербор кезеңіндегі төрт туындысы бар: «Половец лагері» (1914), «Қаһарлылар» (1901), «Мехески – ай халқы» және «Алып Кримгерд».
Николай Рерих – әлемдік деңгейдегі мәдениет қайраткері, жазушы, ғалым, қоғам қайраткері, ойшыл, суретші 7000-нан астам картина жазған.
Ол Орталық Азиядағы ғылыми-зерттеу және өнер экспедициясының жетекшісі ретінде Шығыс мәдениетін зерттеп, жинақтаған білімін картиналар мен кітаптарға түсірген. 1926 жылы суретші Қазақстанға келіп, өзінің күнделіктерінде егжей-тегжейлі сипаттама қалдырған, кейін осы ақпараттардың негізінде «Алтай-Гималай» жол сапар очеркін жазды.
Сондай-ақ мұражайда «Н.К. Рерих. Мәдениет арқылы бейбіт әлем» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Келушілер суретшінің өмірі жолымен және шығармашылығымен танысты.
Көрме 2024 жылдың 30 сәуіріне дейін жалғасады.