Cемей-5°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
499.51 525.83 4.62

Сенаторлар әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейту туралы заңды мақұлдады

11-04-2024, 18:19 Мадина Айдарова

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейту туралы заңды мақұлдады.

Отырыс төтенше жағдайға байланысты Сенат депутаттарының өңірлерде атқарған жұмысының аралық нәтижесін қорытындылаумен басталды. Осы мәселеге тоқталған Мәулен Әшімбаев бірқатар сенатор облыстарға арнайы барып, су тасқынына қарсы күреске белсенді қатысып жатқанын атап өтті. Депутаттар тиісті мемлекеттік органдармен бірге табиғи апаттың зардаптарын жоюға қатысып жатыр. Сондай-ақ зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, оларды алаңдатқан өзекті проблемаларды шешуге қолғабыс көрсетуде. Сенат Төрағасы мұндай сын-сағатта бүкіл ел болып жұмылу аса маңызды екенін айтты.

Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Заңдардың басты мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үнемі баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында арнайы заңдар әзірленді. Осылайша, әйелдер мен балалардың заңды мүдделерін қамтамасыз ету және елімізде отбасы институтын нығайту үшін қосымша құқықтық тетіктер енгізіліп отыр. Сондай-ақ отбасылық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы осы заңдар аясында өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдауға арналған ережелер де қарастырылғанын атап өтті. Заң нормалары арқылы тиісті уәкілетті органдардың өкілеттіктері айқындалады. Отбасын қолдау орталықтары және «111» байланыс орталығы сияқты ұйымдардың құзыреттері де заңнамалық деңгейде белгіленеді.

«Мақұлданған заңдарға сәйкес енді денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Өз кезегінде сот қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның тәртібіне қатысты ерекше талаптар белгілей алады. Сондай-ақ буллинг, кибербуллинг балаларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіріп кету әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілік көзделіп отыр. Алдағы уақытта бұл заңдар әйелдер мен балалардың конституциялық құқықтары мен мүдделерін қорғауға тың серпін береді деп сенеміз», – деді Палата Спикері.

Отырыста Парламент депутаттары бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да бірінші оқылымда қаралып, мақұлданды. Құжат халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнаманы жетілдіруге арналған. Нақты айтқанда, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстары үшін сотталған шетелдіктердің елімізге кіруін және ҚР азаматтығын алуын шектеу көзделген. Одан бөлек, экстремистік немесе террористік әрекеттерге қатысы бар шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салынады. Заңда өңірлерге қоныс аударушылар үшін жағдай жасауға және «қандас» мәртебесін беру рәсімін жетілдіруге арналған өзгерістер де бар.

Сондай-ақ Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.

Ольга Булавкина мемлекеттік органдардың су тасқыны кезіндегі үйлесімсіз әрекеттерін сынға алды. Бұл ретте депутат төтенше жағдайға байланысты уақтылы әрекет етпеуге, өмірді құтқару және залалды азайту жөніндегі рәсімдерге, сондай-ақ, азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы стратегиялық жоспарлауға қатысты мәселелерді тілге тиек етті.

Серік Шайдаров елдегі гидротехникалық нысандардың қазіргі жағдайы мен олардың әбден тозығы жеткенін айтып, дабыл қақты. Сенатор болашақта биылғы тасқын сияқты төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарын жандандыру үшін бірқатар заңнамалық өзгерістер енгізуді ұсынды.

Руслан Рүстемов Қызылорда облысындағы суару жүйелерінің жағдайы көңіл көңшітпейтінін айтып, сауал жолдады. Қалыптасқан ахуалдың салдарынан жыл сайын шамамен 2 млрд текше метр су жоғалады.

Сұлтан Дүйсембинов Үкіметтің назарын отандық ұн тартушылардың проблемаларына аударды. Осыған орай сенатор астық пен ұн саудасында Қазақстанға тарифтік емес және тарифтік шектеу шараларын қолданатын елдердің өздеріне қатысты сондай шараларды енгізуді ұсынды.

Сәкен Арубаев Жамбыл облысында шаруаларды қаржыландыру тапшылығына байланысты проблемаларды көтерді. Бұл ретте сенаторды ауылшаруашылық техникасын сатып алуға және фермерлердің шығындарын субсидиялауға қатысты түйткілдер алаңдатып отыр.

Бекболат Орынбеков өз сауалында Оңтүстік-Орталық бағыты мен бірнеше облыстардың дамуында ерекше маңызға ие республикалық автожолдарды жөндеуді қаржыландыру кезіндегі проблемаларды назарға алды.

Ғалиасқар Сарыбаев «Байқоңыр» ғарыш айлағының дамуына қауіп төніп тұрғанын айтты. Депутаттың пікірінше, қалыптасқан жағдай саланы дамыту жөнінде жедел мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді және бұл бағытты қаржыландыру тәсілдерін қайта қарауды талап етеді.

Сұлтанбек Мәкежанов жаңа Салық кодексінде қарастырылуға тиіс бірқатар ұсынысқа тоқталды. Олар құрамында қант бар сусындарға акциздер енгізуге, ҚҚС әкімшілігін реформалауға, зейнетақы төлемі кезінде жеке табыс салығына салық салуға және басқа да мәселелерге қатысты екенін айта кеткен жөн.

Бибігүл Жексенбай адамдар көп жиналатын орындардағы, оның ішінде сауда орталықтарындағы өрт дабылы және қауіпсіздік жүйелерінің жай-күйі қандай деңгейде екеніне назар аударып, алаңдаушылық білдірді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив