Қытайдан Финляндияға қатынайтын бірлескен контейнерлік сервистер іске қосылады деп күтілуде – ҚР Көлік министрлігі
Қазақстан-Финляндия үкіметаралық комиссиясының отырысында күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің қатарында екі елдің көлік-логистика саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамытудың нәтижелері мен перспективалары қаралды.
Бұл туралы жиын барысында еліміздің көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров мәлім етті. Ол Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің Еуропалық Одақпен қарқынды дамып келе жатқан сауда қатынастарына байланысты Финляндия мен Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін одан әрі дамыту мен ынтымақтастықтың стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстан Орта дәлізде негізгі байланыстырушы буын болып табылады және қазірдің өзінде шығыс-батыс бағытындағы маршруттарға балама ретінде өз әлеуетін көрсетті. Атап айтқанда, Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы жүктерді ауыстырып тиеу бойынша көрсеткіштер 86 пайызға дейін өскен, олардың көлемі 2 есеге, яғни 2,8 млн тоннаға дейін ұлғайды. Транскаспий халықаралық көлік маршруты «жасыл» дәліз іспетті. Бүгінгі таңда жүктерді өткізу мерзімдерін 23 күннен 14-18 күнге дейін, оның ішінде Қазақстан бойынша бес күнге дейін қысқартуға қол жеткізілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Транскаспий халықаралық көлік маршруты бойынша жүктерді тасымалдау көлемінің 65%-ға артқаны байқалады», – деп атап өтті вице-министр.
Сондай-ақ ол өз баяндамасында тікелей Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы жүк тасымалының әлеуетін атап өтті. Мәселен, 2023 жылы теміржол көлігімен 2022 жылмен салыстырғанда 25%-ға (4,3 млн тонна), ал автомобиль көлігімен 14%-ға (7,3 млн тонна) тасымалданған. Қытай-Финляндия-Қытай бағыты бойынша контейнерлік жүк тасымалдарын дамыту мақсатында «KTZ Express» АҚ Nurminen Logistics Services Oy фин логистикалық операторымен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Аталған құжаттың шеңберінде жүк тасымалдарын дамыту, сондай-ақ Қытайдан Финляндияға және Қазақстан аумағы арқылы Транскаспий халықаралық көлік маршруты бойынша бірлескен контейнерлік сервистерді іске қосу жоспарланып отыр.
«2022 жылы Қазақстан аумағы арқылы Қытай – Финляндия - Қытай бағыты бойынша түрлі құрама жүктермен 2204 ЖФЭ тасымалданды. 2023 жылы халықаралық маршруты бойынша Еуропаның түрлі елдерінен Қазақстанға Қара теңіз арқылы импорттық тасымалдар жүзеге асырылды. 2023 жылы халықаралық көлік маршруты бағыты бойынша құрама жүкпен 506 ЖФЭ тасымалданды», – деді ҚР Көлік министрлігінің өкілі.
Сонымен бірге фин тарапына көлік және логистика саласындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.