Cемей-5°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
494.87 520.65 4.91

Халықаралық сауда мәселесінде барынша тиімділікке қол жеткізу үшін келісіп жұмыс істеу қажет – Мұрат Қарымсақов

12-04-2024, 17:04 Мадина Айдарова

«Атамекен» ҰКП Қазақстанның сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов ТМД-ға қатысушы мемлекеттер палаталары басшылары кеңесінің XXII отырысына қатысты.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттер палаталары басшылары кеңесінің XXII отырысы Мәскеуде өтті. Онлайн қатысу ұйымдастырылды. 

Шарада «Конгресс-көрме саласы – ТМД-ға қатысушы мемлекеттер палаталарының сын-қатерлер мен жаңа мүмкіндіктерге дайындығы» және «ТМД-ға қатысушы мемлекеттер палаталары арасындағы интеграцияға сүйене отырып, өңіраралық ынтымақтастықты қолдау» тақырыптары талқыланды.

Жиынға ТМД-ға қатысушы мемлекеттер палаталары басшылары кеңесінің төрағасы, Ресей Федерациясы Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Сергей Катырин, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев, Қырғыз Республикасы Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Темір Сариев, Беларусь Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Михаил Мятликов, Ресей Федерациясы Экономикалық даму министрінің орынбасары, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы жөніндегі кеңесінің мүшесі Дмитрий Вольвач, Өзбекстан Республикасы СӨП төрағасының орынбасары Дилшод Расулов, Тәжікстан Республикасы Сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының бірінші орынбасары Насимджон Анваров қатысты.

«Атамекен» ҰКП Қазақстанның сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов ТМД мемлекеттерінің транзиттік әлеуетін шетелдік әріптестермен саудада пайдалану туралы айтты.

Спикер Қазақстанның 2023 жылы ТМД елдерімен тауар айналымы 35,5 млрд доллар құрағанын, бұл Қазақстанның барлық сыртқы сауда айналымының төрттен бірінен астамын құрайтынын айтты. Оның ішінде Қазақстан 15,9 млрд долларын экспорттады, ал 19,6 млрд долларын импорттады.

«Назарды халықаралық сауданы дамытудың негізгі аспектілерінің бірі – ТМД мемлекеттерінің шетелдік әріптестермен қарым-қатынастардағы транзиттік әлеуетін пайдалануға аударғым келеді. Бұл мәселе елдеріміз үшін маңызды мәселелердің бірі болып отыр», - деді Мұрат Қарымсақов.

Кейінгі кезде өңірде көліктік-логистикалық қызметтердің өңірлік нарығына қатты әсер еткен көптеген оқиға орын алды. Сауданы дамытудың жаһандағы тенденцияларының өзгеруі, халықаралық сауданы құқықтық реттеудегі өзгерістер, әлемдік экономикадағы турбуленттілік, табиғи апаттар аймақтағы қалыптасқан жеткізу маршруттарын белсенді түрде қайта қарауға әкелді.

«Осыған байланысты алдымызда елдеріміздің транзиттік статусын көтеретін мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалану міндеті тұр. ТМД-ның географиялық орналасуы әлемдік нарықтарға ыңғайлы қол жетімділікті қамтамасыз етеді. Алайда, бұл мәселеде барынша тиімділікке қол жеткізу үшін келісілген жұмыс пен ынтымақтастық қажет», - деп атап өтті спикер.

Жиында «Атамекен» ҰКП Қазақстанның сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы транзиттік инфрақұрылымды күшейту қажеттілігі, күш-жігерді біріктіру және үйлестіру, бизнесті қолдау және жәрдемдесу сияқты негізгі мәселелерге тоқталды.

«Біріншіден, транзиттік инфрақұрылымды күшейту керек. Қазақстанда көлік-логистикалық кешенді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Осы Тұжырымдама шеңберінде Еуропадан Орталық Азияға, Қытайға және Оңтүстік-шығыс Азияға негізгі трансконтиненталдық дәліздер мен маршруттарды жаңғырту және кеңейту жөніндегі шаралар көзделген. Транзит көлемін 2030 жылға қарай 35 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Қытай, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Каспий маңы өңірімен мемлекеттік шекараларға жақын жерде бес өнеркәсіптік көліктік-логистикалық хаб құрылатын болады. Бұл кешен Орталық Азия елдерімен тауар айналымын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстан да өз экспортын 560 млн долларға ұлғайтуды жоспарлап отыр. 

Екіншіден, күш-жігерді біріктіру және үйлестіру қажет етіледі. Елдеріміздің әлемдік нарықтағы транзиттік мүмкіндіктерін ілгерілету үшін бірыңғай платформа құру мақсатында Сауда палаталары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға тиіспіз. Бұған ақпарат алмасу, бірлескен жобаларды ұйымдастыру және инвестиция тарту бойынша күш-жігерді үйлестіру кіреді.

Үшіншіден, бизнесті қолдау және жәрдемдесу. Біз өз кәсіпкерлерімізге және елдеріміздің транзиттік мүмкіндіктерін пайдаланғысы келетін компанияларға белсенді қолдау көрсетуіміз керек. Осыған байланысты елдеріміздің бизнесі арасындағы желілік байланысты ынталандыру үшін бізге берілген барлық платформаны белсенді пайдалану қажет», - деп түсіндірді Мұрат Қарымсақов.

Сондай-ақ, спикер инвесторлар мен кәсіпкерлерге Қазақстандағы жобалардың әлеуетін бағалауға және негізделген шешімдер қабылдауға көмектесетін интерактив инвестициялық картаны құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Карта екі негізгі цифрлық мүмкіндікті біріктіреді. Біріншіден, неғұрлым объективті және өзекті көріністі құру үшін жергілікті жерлерде инвестициялық жобалардың іске асырылуын «түпкілікті» бақылау. Екінші, өңір және тұтастай ел ауқымында шағын және орта бизнесті дамытудың негізгі көрсеткіштерінің мониторингі.

Қорытындылай келе, Мұрат Қарымсақов Қазақстан сыртқы сауда палатасы мен Қазақстандық бизнес атынан әріптестерін қазақстандық компаниялардың ТМД елдерімен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және тереңдетуге мүдделі екеніне сендіріп, 13-14 маусымда Астана қаласында өтетін Астана 2024 халықаралық форумына қатысуға шақырды.

«Қазақстанның сыртқы сауда палатасы «Атамекен» барлық өңірлік палаталарының қолдауымен Қазақстанда Сіздің сенімді әріптесіңіз болуға және қажетті В2В және В2С қызметтерін көрсетуге дайын», - деп түйіндеді спикер.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив