Алматыда "Қалқан-2023" II Қысқы спартакиадасының жабылу рәсімі өтті
Спорт комитеті – Қорғаныс министрлігінің орталық спорт клубы базасында өткен спартакиадада Қазақстанның барлық өңірлерінен 14 пен 18 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар бақ сынасты.
Қатысушыларды салтанатты түрде марапаттау рәсімі Армия үйінде өтті. "Жас сарбаз" республикалық әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілерін жарыстың аяқталуымен атақты спортшылар – Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен әлем чемпионатының қола жүлдегері, дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев құттықтады.
Жарыс 3 шақырымға шаңғы тебу, пневматикалық мылтықтан оқ ату, маңдайшада тартылу, денені шалқасынан жатып көтеру сайыстарынан тұрды.
Жеке біріншілікте 14 жастағы жасөспірімдер арасында Абай облысынан келген Михаил Беленков, 15-16 жаста – Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған Роман Жеребило, 17-18 жаста - Батыс Қазақстан облысынан келген Роман Харчев чемпион атанды.
14 жас санатындағы қыздар арасында Абай облысынан Дарья Девяткова, 15-16 жас аралығында Батыс Қазақстан облысынан келген Наталья Панова, 17-18 жаста астаналық Александра Крутова үздік шықты.
Командалық есепте Солтүстік Қазақстан облысының құрамасы жеңіске жетті. Екінші орынды Батыс Қазақстан облысының командасы, үшінші орынды Астана қаласының командасы иеленді.
Іс-шара Алматы қаласындағы Ұлттық әскери-патриоттық орталық пен "Жас сарбаз"балалар студиясы филиалының шығармашылық ұжымы дайындаған концертпен аяқталды.