Cемей-11°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Шәкәрім университетінің өңірлік экономиканы дамытудағы ғылыми-инновациялық әлеуеті

13-04-2024, 14:22 SHAKARIM UNIVERSITY

12 сәуірде елімізде Ғылым қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Бұл күн ғылым саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде кездейсоқ таңдап алынбаған. Қазақстан ғылымының бастауында тұрған ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған күнімен тікелей байланысты. Қаныш Сәтбаев – Семей мұғалімдер семинариясының, бүгінгі педагогикалық колледждің түлегі. Сондықтан да Қаныш Имантайұлының білімге құштарлығы, ғылымға ынтықтығы Семей топырағынан бастау алады деп бүгінде мақтанышпен айта аламыз. 

2024 жыл – отандық ғылымның қалыптасу тарихындағы ең маңызды кезеңнің бірі. Биыл мыс кендерін ашқан зерттеушінің 125 жылдық мерейтойы. Осы жылдар ішінде Қазақстан ғылымы дамудың ұзақ та қиын жолынан өтті. Отандық ғылымның, әсіресе, Абай өңірінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Shakarim University ғылыми-инновациялық әлеуеті, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды сараптап өтейік. 

Shakarim University – іргетасы 1934 жылы қаланған көпсалалы жоғары оқу орындарының бірі. Білім ордасының 150 мыңға тарта түлегі елімізге, алыс-жақын шет елдерде абыройлы қызмет атқарып жүрген, танымал тұлғалар. Оқу орнындағы 5 факультетте бакалавр бойынша 45, магистратурада 34, докторантурада 10 білім беру бағдарламасы бойынша тоғыз мыңға жуық білім алушы мен мыңға жуық қызметкер бар.  

Мемлекет басшысы дамудың басты кілті ғылым екендігін баса айтты. Бүгінгі таңда Ұлттық Ғылым академиясы мен отандық ғалымдар қауымдастығының алдында жаңа міндеттер тұр. Президент тапсырмасына сәйкес, 2023 жылы Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Шәкәрім университетінің де ғылымды дамытуға бағытталған барлық іс-шаралары мен ғылыми жобалары осы тұжырымдама аясында жүзеге асуда.

Жыл сайын елімізде жас ғалымдарды ғылым саласына тарту, дарынды жастардың бастамаларын қолдауға бағытталған жобаларға қаржы бөлініп, конкурстар, форумдар ұйымдастырылады. Мұндай маңызды шараларға шетелден қатысушылар да шақыртылып, ел дарындыларының тәжірибе алмасуына жағдай жасалуда. 

Мәселен, 2023 жылы ел Президентінің қолдауымен баспана алу үшін ғалымдарға қолжетімді кредит беретін бағдарлама іске қосылған болатын. Бұл – Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банктің» бірлескен жобасы. Бағдарламаның алғашқы қатысушыларының бірі – біздің университеттің жас ғалымы, министрлік қаржыландыратын ғылыми бағдарламаның кіші ғылыми қызметкері Назерке Муслимова. Бүгінгі таңда Шәкәрім университетінің 6 жас ғалымы дәл осы бағдарлама арқылы баспанаға ие болды. Бұл жастар үшін үлкен мүмкіндік әрі қолдау.

Абай өңірі – аграрлық саламен тікелей байланысты

Тарих пен мәдениетке бай Абай жері, ең алдымен, өңір экономикасының дамуының негізгі қозғаушы күші болып табылатын ауыл шаруашылығы саласымен танымал. Осы тұрғыда ұзақ жылдар бойы Шәкәрім университеті ветеринария және ауыл шаруашылығы ғылымдары саласында жоғары білікті мамандарды даярлауда, сондай-ақ еліміздің тұрақты дамуына ықпал ететін ғылыми және инновациялық бастамаларды дамытуда шешуші рөл атқарып келеді.  

Сол себепті де Shakarim University ғылыми мектептерді дамыту арқылы ЖОО-ның ғылыми әлеуетін нығайтуды басты назарда ұстайды.  Өйткені, ғылыми мектептер өңіріміздегі проблемалы тұстарды сараптайды, шешу жолдарын ұсынады. Осылайша ұрпақтар сабақтастығы жалғасып сапалы ғылыми кадрларды даярлау жүзеге асырылады. Сондықтан да білім ордасында өзіндік дәстүрі қалыптасқан ғылыми мектептер қызмет етуде. Университеттің Ғылым апталығы аясында ұзақ жылдар бойы ветеринария және ауыл шаруашылығы саласында бірнеше буын ұрпақты тәрбиелеген профессорлар З.Тоқаев, М.Искаков, С.Дюсембаевтар атындағы ғылыми мектептер өз жұмысын бастады.  

Мектеп студенттер мен зерттеушілерге озық тәжірибелер мен технологияларға қол жеткізуге, сондай-ақ өз салаларындағы жетекші мамандармен бірлесіп зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Кафкас университетімен (Түркия) бірлесе отырып, ғалымдар ұсақ малдың генофондын сақтаумен айналысады. Олардың жойылып кету қаупі төнген тұқымдардың генетикалық сипаттамалары туралы зерттеулері аймақ үшін үлкен маңызға ие. Сондай-ақ, аталған салада жас ғалымдар PhD докторлық диссертацияларын сәтті қорғауда. Бұл – өңірдің ветеринария саласына жаңа ғалымдар легі келуінің дәлелі. Олар өз кезегінде елімізде, нақты айтқанда Абай облысындағы аграрлық саланың мәселелерін жаңа қырынан шешуге ат салысады деген сенімдеміз. Сондықтан университет аталған сала аясында Диссертациялық кеңес ашуды қолға алды.    

Бүгінгі ғылым: шындық пен перспектива жолында

Еліміздің ғылыми әлеуетін айқындауда негізгі күш жоғары оқу орындарына түсетіні белгілі. Шәкәрім шаңырағының профессор-оқытушылар құрамының ғылыми әлеуеті зор. Университет ғалымдары Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Абай облысы бойынша тұтас инновациялық экожүйе құру мәселесін қолға алмақшы. Мысалы, Шәкәрім университетінде тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі мәселесіне бағытталған Семей өңіріндегі алғашқы бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында ғылыми-зерттеу жұмысы жүзеге асырылуда. Бұл жобаны іске асыру шеңберінде алынған нәтижелер Қазақстанның, соның ішінде Абай өңірінің агроөнеркәсіп деңгейі мен еңбек өнімділігін едәуір арттыруға, сала кәсіпорындарында өнімді өңдіру мен сақтау кезіндегі шығындарды азайтуға ықпал етеді.

Ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландырудың соңғы 3 конкурсына 96 өтінім ұсынылды. Бұл көрсеткіш Шәкәрім университетін конкурсқа қатысқан ғылым субъектілерінің алғашқы ондығына енгізді. Шәкәрім университетінің Хабаршысы техникалық ғылымдар сериясы бойынша Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің тізіміне енді. Ғылыми жобаларды қаржыландырудың жалпы көлемі 1,5 миллиард теңгені құрайды. 

Сәтті коллаборация мен инфрақұрылымды жетілдірудің бір мысалы, университетте соңғы оқыту технологияларымен және заманауи компьютерлермен жабдықталған Huawei IT академиясының ашылуы болып табылады. Бұдан бөлек, «Спектромарт» ЖШС-мен бірлесіп конструкторлық бюро ашылып, геологиялық, экологиялық және ғылыми зертханаларда сынама дайындау үшін қышқылды ыдырату жүйелерін құрастыру өндірісі іске қосылды. Жақын арада бірлескен зертхананы әртүрлі үлгілерді спектрлік химиялық талдауға арналған озық қондырғылармен жабдықтау жоспарлануда. Сондай-ақ, осы компания ұсынатын аналитикалық құрал-жабдықтарда тәжірибелік білімі бар жас мамандарды оқытатын болады.

Осы жылы Shakarim University дәстүрлі факультеттердің орнына жоғары мектеп ашу туралы батыл және прогрессивті шешім қабылдады. Бұл қадам университеттің инновацияға, ғылыми білім беруді дамытуға деген ұмтылысын көрсетеді. Жоғары мектеп студенттерге ғылым әлеміне терең бойлау үшін бірегей мүмкіндіктер беруді мақсат етеді. 

Ғылымның негізгі мақсаты – ғылыми-зерттеу жұмыстардың нәтижелерін өндіріске енгізіп, халықтың өмір сапасын жақсартуға нақты үлесін қосу. Бүгінгі жастарымыз бизнесте көшбасшы болу үшін инновациялық ойлау жүйесі мен заман талабына тез бейімделе білуі керек.

Осы тұста жоғары мектептің басты артықшылығы қандай деген заңды сауал туындайды. Бұл жерде студенттер өз саласындағы жетекші ғалымдармен және зерттеушілермен жұмыс істейді. Бұл студенттерге теориялық білім алуға, нақты ғылыми мәселелерді шешуге дайын ететін практикалық тәжірибеге мүмкіндік береді. Мәселен, 5 факультеттің орнына 9 жоғары мектеп өз жұмысын бастайды. Оның 3 ғылыми орталығы инжинирия, педагогикалық зерттеулер және тарихи-археологиялық мәселелерді зерттейтін болады. 

Бұдан бөлек, жаңа оқу жылында Science professor лауазымы енгізіледі. Басты мақсат – ғалымдар, оның ішінде жас ғалымдар мен оқытушылардың ғылыми-зерттеу қызметін дамыту және қолдау, университеттің ғылыми әлеуетін күшейту, өңірдің өндірістік қызметіндегі технологияларды коммерцияландыру. Бұл жерде маманға азайтылған педагогикалық жүктеме беріледі, яғни, Science professor-дың ғылыммен айналысуына толық жағдай жасалады. 

Іргелі ғылымды дамыту – халықаралық қатынаспен байланысты

Университет білім беруді интернационалдандыру, білім алушылар үшін ынтымақтастық географиясы мен мүмкіндіктерін кеңейту бағытында мақсатты қызмет жасауда. Мәселен, Оңтүстік Кореяның Kyungdong University, Польша елінің Быдгощ Экономика университеті және Қытай Халық Республикасының Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетімен қосдипломды білім беру бағдарламаларын табысты жүзеге асырудамыз. Сонымен қатар, Pamukkale University (Түркия) түркология, археология және педагогикалық бағыттар бойынша жұмыс жүргізілуде.

ЖОО Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия университеттерімен тығыз ынтымақтастықты жүзеге асырады. Олардың қатарында Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университеті (Өзбекстан), Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университеті (Қытай) бар. Коллаборацияның нәтижесі «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы» бағыты бойынша Солтүстік-батыс ауыл және орман шаруашылығы университетімен магистратураның қос дипломды бағдарламасының ашылуы. Бір семестр көлемінде Қытай елінен келген 5 магистрант білім алуда. Магистранттар биотехнология, ғылыми зерттеулердің негіздері және Абай әлемі пәндерін ағылшын тілінде меңгеруде. 

Сондай-ақ, серіктес Польша елінің Быдгощ Экономика университетінен тағылымдама өтуге бірқатар докторант-ғалымдар келді. Варшава политехникалық университетінен шақырылған профессор Dr.Sc. Agnieszka Dąbska гидротехника, геотехника салаларына байланысты бір ай көлемінде дәріс берді. Жақында Мемлекет басшысы өз сөзінде гидротехниктер, ирригаторлар және сумен байланысты басқа да барлық салада кәсіби мамандар даярлаудың маңыздылығын атап өткен болатын. Біз де өз тарапымыздан «Құрылыс» білім беру бағдарламасына гидротехника және гидротехникалық құрылыстар пәнін енгізу, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру мәселелерін қаперімізге алдық. Алдағы уақытта «Шақырылған профессор» бағдарламасы аясында Қытай, Ұлыбритания, Финляндия, Польша, Түркия елдерінен ғалымдарды күтудеміз. 

Shakarim University – Абай өңірінің экономикалық дамуында шешуші рөл атқарады. Оқу ордасының жоғары мектеп ашу сынды инновациялық бастамалары білім сапасын арттырып қана қоймай, ғылыми зерттеулердің дамуына, технологиялық прогреске, экономиканың өркендеуіне ықпал етуде. Жергілікті және халықаралық серіктестермен ынтымақтаса отырып, аймаққа дарынды адамдарды тартуға, білім мен тәжірибе алмасуға және инновацияны ынталандыруға көмектесетін студенттер мен ғалымдар үшін бірегей мүмкіндіктер жасайды. Осылайша, Шәкәрім шаңырағының инновациялық дамудағы күш-жігері Абай өңірін ғылыми жаңалықтардың, білім берудегі жетістіктер мен тұрақты экономикалық дамудың орталығына айналдыруда септігін тигізуде.

Думан Орынбеков

Shakarim University ректоры

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив