Қарулы күштердің әскери қызметшілері тұрғын үй алаптарын су тасқынынан қорғау үшін шамамен 450 мың қап құм дайындады
Жергілікті билік пен халыққа әскери ұшқыштар, аумақтық қорғаныс бригадаларының жеке құрамы, өңірлік қолбасшылықтардың әскери бөлімдері, әскери полиция, медициналық қызметтер мен әскери қатынастар органдарының мамандары өлшеусіз көмек көрсетуде.
Әуе қорғанысы күштері бөлімшелерінің қызметі құтқару қызметтері мен волонтерлік ұйымдардың жеделдігі мен тиімділігіне айтарлықтай әсер етуде.
27 наурыз бен 13 сәуір аралығында армиялық авиацияның тікұшақ экипаждары елді мекендер мен қыстақтардан 2 837 тұрғынды эвакуациялады. Тәулік бойы әскери-көліктік авиация ұшқыштары дағдарыс аймақтарына күштер мен құралдарды, мамандарды тасымалдаумен және гуманитарлық көмек жеткізумен айналысып жатыр. Олар 18 күн ішінде 870-ке жуық адам және 148 тоннадан астам жүк тасымалдады.
Құлсары қаласынан 30 шақырым жерде орналасқан Жем өзенінде "Батыс" ӨңҚ жару командасы 10 жарылыс жасады. Ақтау авиабазасының мамандары Жайық өзенінің арнасына барлау соққы беру ұшқышсыз ұшатын аппараттарының көмегімен аэробақылау мен барлау жүргізуді жалғастыруда.
Естеріңізге сала кетейік, Атырау облысының Құлсары қаласы мен Жылыой ауданындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының Тараз, Шымкент және Гвардейск гарнизондары бригадаларының мыңнан астам әскери қызметшісі және Маңғыстау облысының аумақтық қорғаныс бригадасы жұмылдырылған.
Әскери қызметшілер Жайық өзенінің арнасы бойымен Махамбет кентінің периметрі бойынша құм салынған қаптарды төсеумен айналысуда. Жем өзенінде жағалауды нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Атырау қаласы тұрғын алаптарының болжамды су басуына байланысты күштер мен құралдарды қайта бөлу жүргізілді. Жедел штабтың шешімі бойынша облыс орталығына "Оңтүстік" ӨңҚ-ның 600-ден астам әскери қызметшісі және 36 бірлік автомобиль техникасы көшірілді.
Ақтөбе облысында Ойыл елді мекенінің ауданында әскери инженерлер әлі де су қатынасын сақтап отыр. Өткен тәулікте олар 9 рейс жасап, 75 адамды эвакуациялады. 35 бірлік автокөлік пен 3 тонна гуманитарлық көмек тасымалданды.
Батыс Қазақстан облысында Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері Ақжайық ауылдық округіндегі Жайық және Елек өзендерінің жағалауларын бойлай құм салынған қаптарды дайындап, төсеуге, бөгетті нығайтуға жұмылдырылды. Сонымен қатар, десантшылар Магистральный, Подстепное, Байқоныс, Зареченск, Бударино, Жаңабұлақ және Чапаев ауылдарында бөгеттер салумен айналысуда.
Солтүстік Қазақстан облысының облыс орталығында Есіл өзенінің шығыс жағалауындағы айналма жол мен Подгора шағын ауданының еріген суларынан қорғау жұмыстары жүргізілуде. Әскери қызметшілердің бір бөлігі Бескөл кенті ауданындағы бөгетті нығайту мен елді мекендерден адамдарды эвакуациялау жөніндегі іс-шараларға жұмылдырылған.
Ақмола облысы Жарқайың ауданының Заречный, Далабай, Тасөткел және Тассуат ауылдарында елордалық бригаданың әскери қызметшілері тіршілік ету объектілерін электрмен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда.
Сондай-ақ, Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысынан Көкшетау қаласына екі мотопомпаны тасымалдауды ұйымдастырды. Су басу аудандарында эпизоотиялық іс-шараларды өткізуге Қарулы күштердің Тыл бастығы басқармасының ветеринариялық-санитариялық бақылау мамандары қосылатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, 27 наурыз бен 13 сәуір аралығында қарулы күштерден су тасқынына қарсы іс-шараларға барлығы 4 959 адам жұмылдырылды. Әскери қызметшілердің күшімен шамамен 450 мың қап құм дайындалып, төселді.