Қазақстан «Орталық Азия – ШАМЫК» Стратегиялық диалогының 2-ші министрлік кездесуіне қатысты
Ташкент қаласында «Орталық Азия – Шығанақтағы араб мемлекеттері ынтымақтастығының кеңесі (ШАМЫК)» Диалог алаңы форматындағы 2-ші министрлік кездесу өтті.
Еліміздің делегациясын Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев басқарды.
Іс-шара барысында Орталық Азия мен ШАМЫК елдері өңіраралық өзара әрекеттесудің жай-күйі мен болашағын, сондай-ақ халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін қарастырды.
Қазақстандық дипломат өз сөзінде аталған диалог алаңының әлеуеті зор екенін атап өтіп, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-технологиялық салаларда ынтымақтастықты арттыру жөнінде нақты ұсыныстар енгізді.
Сонымен қатар Ә.Бақаев екі өңір арасындағы сауда қатынастарын нығайтудың маңыздылығын атап, Шығанақ мемлекеттерін Қазақстан мен Орталық Азияның басқа да елдерінде бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға белсенді қатысуға шақырды.
Бұған қосымша, ҚР делегациясының басшысы Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының қызметін кеңейту, «Astana Hub» IT-стартаптардың халықаралық технопаркінің әлеуетін пайдалану және биыл қыркүйек айында Қазақстанда 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру сияқты бастамалар туралы айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша екі өңір елдері арасындағы басты салалардағы жан-жақты іс-қимылды арттыруға бағытталған Бірлескен мәлімдеме қабылданды.
Айта кететін жайт, «Орталық Азия – ШАМЫК» Диалог алаңы 2022 жылы іске қосылды. Бірінші министрлік кездесу 2022 жылғы қыркүйекте Сауд Арабиясының астанасы Рияд қаласында өтті, ал осы алаңның алғашқы саммиті 2023 жылы шілдеде Жидда қаласында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтті.