Еңбекмині арнаулы қызмет көрсету орталықтарының жұмысын тұрақты бақылауда ұстайды – С. Жақыпова
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жұмыс сапары барысында мүгедектігі бар адамдарға арналған Қостанай облыстық оңалту орталығына барып, арнаулы әлеуметтік қызмет алушылармен және мекемеде уақытша орналастырылған су тасқынынан зардап шеккендермен кездесті. Ведомство басшысы су тасқыны кезінде барлық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының қызметі ерекше бақылауда екенін атап өтті.
Оңалту орталығы өз қызметін 2012 жылы бастаған болатын. Мекеме басшысы Ділмұхамед Спановтың айтуынша, мұнда тұрмыстық жағдайларға жақын келетіндей өмір сүру ахуалы жасалған, сондай-ақ жеке қажеттіліктерді ескере отырып арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі, олар ерекше қажеттіліктері бар адамдардың жеке даму деңгейін арттыруға, әлеуметтенуіне және қоғаммен ықпалдасуына бағытталған.
Қазіргі уақытта орталыққа су тасқынынан зардап шеккен 15 адам уақытша орналастырылды, оның ішінде 4 мүгедектігі бар азамат бар.
«Қазір бізге қызмет жасап жүрген барша отандастарыма шынайы алғысымды жеткізгім келеді. Бізге барынша күтім мен қамқорлық көрсетуде, киімдеріміз таза, тамақтарымыз уақытылы берілуде. Мұндағы адамдардың барлығы кең жүректі. Сондықтан өмірімнің соңына дейін осы орталыққа ризашылдығымды білдіріп өтемін», – деп қосты өз пікірін су тасқыны аймағынан эвакуацияланғаннан кейін осы орталыққа орналасқан Сталина Кузнецова.
Өз кезегінде Светлана Жақыпова медициналық-әлеуметтік мекемелердің үздіксіз жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың жекелеген санаттарына қажетті жағдайлар мен күтімді қамтамасыз ету үшін оларды мамандандырылған ұйымдарға орналастыру бойынша шаралар қабылданды. Көпбалалы отбасылардың мүшелері, қарттар мен мүгедектігі бар адамдар денсаулық жағдайына байланысты оңалту орталықтарында, стационарларда және басқа мекемелерде орналасқан.